Қызылордалық 800 түлек жүзден жоғары балл жинады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 800 түлек жүзден жоғары балл жинап, өңірдегі орташа көрсеткіш 82,4 балды құрады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев айтты.

 «Биылғы жылы жалпы орта білім беретін мектепті бітірген 6196 баланың ішінде 4123 ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысты. Тестілеу қорытындысы бойынша екі түлегіміз ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Олар облыстық «Білім инновация» лицейінен - Әбдірәсіл Айзат және Қармақшы ауданы №250 орта мектебінен - Отарбай Дәурен. Олар  тестілеу нәтижесінде 136 балл жинады. Аталған түлектердің екеуі де «Алтын белгі» иегері болып табылады. Жалпы аймақта үш күн бойы өткізілген тестілеудің қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш 82,4 балды құрады. Сынақ барысында тестілеу пунктерінде оқыс оқиға мен ереже талаптарының бұзылу деректері орын алған жоқ» - деді басқарма басшысы.

 Айта кетерлігі, өткен жылы қызылордалық түлектер ҰБТ қорытындысымен республикада алғашқы бестіктің қатарынан көрінді. Бұл  - оқушыларды аймақтағы жыл бойы жұмыс жасайтын тынығу лагерлерінде қосымша оқытудың нәтижесі.

Соңғы жаңалықтар