Қызылордада тұрғындарға 10 мыңнан астам тауар түрін ұсынатын көтерме дүкен ашылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда қаласында азық-түлік және азық-түлік емес тауарларына баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңадан ірі сауда орындарын ашу үшін жергілікті және сырттан инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгін, осындай жұмыстардың нәтижесінде қала мөлтек аудандарының бірінде  «ҚЫЗЫЛОРДА ОПТОМАРКЕТ» сауда орталығы ашылды, - деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

Сауда орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

«Тұрғындарға жайлы да сапалы сауда орындарын ұсынып, қаламызда кәсіпкерлік нысандарының санын арттырып, жаңадан жұмыс орындарын ашып отырғаны үшін жоба басшылығына риясыз алғысымды білдіремін және жаңа бастамаларыңызға табыс, кәсіптеріңізге береке тілеймін.- деді әкім.

Мұнан кейін, қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жаңадан ашылған сауда орталығының жұмысымен танысып, ел игілігі және қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қызмет жасауға ниетті кәсіпкерлерді, қай кезде де қолдауға дайын екенін жеткізді.

Кәсіпкер Е.Ескендір қаламыздағы Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан бұл сауда орталығын ашуға 70 млн. теңгеден астам қаржы жұмсаса, оның 40 млн. теңгесін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 8,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған.

Екі мың шаршы метр аумақты алып жатқан «ҚЫЗЫЛОРДА ОПТОМАРКЕТ» сауда орталығы қала тұрғындарына 10 мыңнан астам тауар түрлерін ұсына алады.

Тұрғындарға сауда жасауға ынғайлы барлық жағдайлар жасалған және 60 автокөлікке арналған автотұрақ қарастырылған.

Мұнан бөлек, сауда орталығының жеке кондитерлік өнім және нан шығаратын цехтары өз тұтынушыларына 20-дан астам нан өнімдерін ұсынады.

Тағы бір ерекшелігі, сауда қатарларында отандық өнімдерге басымдық берілген, сонымен қатар азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қаладағы басқа сауда үйлері мен базармен салыстырғанда бағасы 10 пайыздан - 15 пайызға дейін төмен, яғни әлеуметтік дүкен бағытында қызмет көрсетеді.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды басты мақсат тұтқан, заманауи талаптарға сай келетін бұл сауда орталығында жаңадан 45 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Бұған дейін, «Алпамыс» жеке кәсіпкерлігі қаламыздағы «Шұғыла» және «Универсам» мөлтек аудандарынан «Қызылорда» атауымен дүкендер желісін іске қосқан болатын.

Соңғы жаңалықтар