Қызылордада экономикалық қылмыс бойынша айыпталған екі кәсіпкер ұсталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада екі кәсіпкердің ірі көлемде салық төлеуден жалтару жөніндегі ісі әшкере болды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің мамандары күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі департаментке сілтеме жасап.

Департаменттің бас маманы Бақыт Орданованың келтірген деректеріне сүйенсек, кәсіпкер Л.Б. және оның серігі Ж.Э.-ның алдын ала келісім бойынша 2016 жылдың тамыз айы мен 2017 жылдың мамыр айы аралығында екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында жалпы сомасы 386 млн 643 мың теңгенің шот-фактуралары ұсынылған. Алайда ешқандай нақты тауар алынбаған.

Мемлекетке ірі көлемді залал келтірілетін бұл әрекет ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігімен және 216-бабының 2-бөлігі 2, 3 тармақтарымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық болып танылады.

Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының талдау есептеріне сәйкес, шот-фактураларды алған заңды тұлға осы шот-фактураларды қолданған жағдайда, бюджетке түсетін 110 млн 469 мың теңге салықтан  жалтаруға негіз болар еді.

Экономикалық тергеу қызметі қылмыстық топтық жоспары аяғына дейін жеткізбей, екі күдіктінің бір-біріне  55 млн теңге беруі кезінде ұстады.

Қазіргі кезде бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа жолданды.

 

 

Соңғы жаңалықтар