Қызылорда облысында «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында этноауыл пайда болды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Бүгін Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінде «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында Этноауылдың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат.



Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин және бірақатар мәртебелі меймандар қатысып, Қорқыт Ата мемориалдық кешенін және суретшілер көрмесін тамашалады. Сонымен қатар этноауылда жағалай тігілген киіз үйлерді аралап, ондағы қолөнер бұйымдарын көріп, түрлі ұлттық ойындар мен жыршы-термешілердің өнерлерін тамашалады.

«Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астана маңында этноауыл мен экоауылдан тұратын белдеу құруды ұсынған болатын. Осы мақсат аясында біз де назарларыңызға ұлттық салт-дәстүріміздің өміршең үлгісін ұсынып отырмыз. Міне, бүгін кемеңгер бабамыз Қорқыт атаның басында осындай этноауылдың ашылуы және алдағы уақытта оның жұмысымен көптеген шетелдік туристердің танысуы Сыр елінің мәртебесін биіктетері сөзсіз. Бүгінгі қуаныш - тәуелсіздіктің, Елбасының ерен еңбегінің жемісі. Бүгінгі мереке - Қорқыт бабадай абыздың асыл арманының ақиқатқа айналғанының белгісі»,-деді аймақ басшысы Көшербаев.

Сыр елінен 75 мыңға жуық адам Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалау мақсатында ел ордасы Астанаға баруды жоспарлауда. Облыс бойынша 250 ардагерге, 2900 әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін жолдама берілді. Сондай-ақ, облыс әкімінің қабылдауында болған халықаралық, республикалық пәндік олимпиада және ғылыми жоба конкурстарының 48 жас жеңімпаздарына көрме билеттері сыйға тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Қорқыт ата» мемориалды кешені мен «Байқоңыр» ғарыш кешені халықаралық көрменің туристік бағытына енген.

Соңғы жаңалықтар