Қызылағаш ауылы әкімінің басы дауға қалды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Қызылағаш ауылы әкімінің басы дауға қалды. Шаруа қожалығының басшысымен дөрекі сөйлесіп, балағаттаған әкім Сәуле Амитова бұл жолы тек ескертумен құтылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің үстінен А.А. есімді азаматша Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңеске арызданған. Шағымданушы ауыл әкімінің дөрекілігін дәледейтін аудиожазбаны да ұсынған. Аудио жазбаны тексеру барысында Ақсу ауданы Қызылағаш ауылдық округінің әкімі С.Амитованың шаруа қожалығы басшысымен дауласқандығы анықталды. Екеуінің бір-біріне бейәдеп сөздер айтып, балағаттағандары да белгілі болды. Бір қызығы бұл жерде шаруа қожалығының басшысы емес, осы жайтқа куә болып, жағдайды аудиожазбаға жазып алған үшінші адам шағымданған екен.

Істі қарау нәтижесінде кеңес мүшелері әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Ақсу ауданы Қызылағаш ауылдық округінің әкімі С.Амитоваға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Жағдай қайталанса,  әкімнің бірден жұмыстан кететіні қатаң ескертілді.

Айта кетейік, бұл Алматы облысындағы алғашқы жайт емес. Бұған дейін Қапшағай қаласының бұрынғы әкімі Сәтжан Қиқымов жергілікті тұрғынмен өктем сөйлесіп, дөрекілік сөзі үшін өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған еді.


Сурет ғаламтордан алынды

Соңғы жаңалықтар