Қырғызстанда парламенттегі оппозицияның басшысы ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкектің «Манас» әуежайында қырғыз арнайы қызметтері Қырғызстан парламентінің «Ата Мекен» оппозициялық фракциясының көшбасшысы Омурбек Текебаевті ұстады, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Текебаев 48 сағатқа ұсталған және қазір уақытша ұстау абақтысында отыр. Омурбек Текебаевтың жақтастары жексенбі күні ҰҚМК ғимараты алдында саясаткерді босатуды талап етіп, ереуілге шығуға ниетті.

Қырғызстандық БАҚ-тың хабарлауынша, әуежай ғимаратында Текебаевтың партияластары оны ұстауға қарсылық танытты және бірнешеуі ұсталды.

25 ақпан күні Қырғызстан бас прокуратурасы Текебаевқа қатысты «сыбайлас жемқорлық» және «алаяқтық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Іс ресейлік кәсіпкер, бірқатар телекоммуникациялық компаниялардың иесі Деонид Маевскийдің шағымы бойынша қозғалды. Ол 2010 жылы Текебаевтың уақытша Қырғызстан үкіметі төрағасының орынбасары бола тұра, Қырғызстанның ірі ұялы операторы «Мегакомды» басқаруға рұқсат беру үшін бір миллион доллар пара алғанын айтуда.

«Өз міндеттерін Текебаев сол күйі орындамады ал алған қаражатты қайтарудан бас тартқан», - деп  мәлімдеді Қырғызстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Текебаев өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанда Венада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессиясында болды, ол жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында ресейлік кәсіпкерден бір миллион доллар пара алды деген айыптауды жоққа шығарды. 

Фото: VALERI SHARIFULIN/TASS

Соңғы жаңалықтар