Қырғызстан көлік министрлігінің төрт қызметкері қар көшкінінен ажал құшты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын Бішкек-Ош стратегиялық автожолының 255-шақырымында болған қар көшкінінен Қырғызстан көлік және жолдар министрлігінің төрт қызметкері көз жұмды. 

Бұл туралы республиканың ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлады.

«Бүгін түнде қар массасы Toyota, Lexus және Subaru автокөліктерін басып қалды», - делінген хабарламада. 

Toyota салонында болған көлік және жолдар министрлігінің төрт қызметкері оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлады ТАСС агенттігі. Ал Lexus жүргізушісі мен оның екі жолаушысын, сондай-ақ Subaru көлігінде болған үш адамды құтқарушылар аман-есен алып шыққан.

ТЖ орнына 52 адамнан құралған құтқарушылар бригадасы және қар тазалайтын ауыр техника жіберілді. «Сонымен бірге оқиға орнына біздің министрлік басшысы Кубатбек Боронов та аттанды», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Мекеме деректеріне сәйкес, бір апта ішінде Бішкек-Ош жолының бойына тау бөктерлерінен 11 қар көшкіні түскен.

 

Соңғы жаңалықтар