Қырғыз тасымалдаушылары Қазақстан заңнамасын жиі бұзады - Жеңіс Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз тасымалдаушылары Қазақстан заңнамасын жиі бұзады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптада 835 қырғыз автокөлік құралдары тексеріліп, нәтижесінде 117 бұзушылық тіркелді. Яғни, әрбір 6-7-ші қырғыз автокөлігі Қазақстан аумағы арқылы бұзушылықпен өтеді. Қырғызстандық тасымалдаушылар жіберетін негізгі бұзушылықтардың ең біріншісі - тасымалданатын жүк құжаттарының жоқтығы. Мұндай дерек - 56», - деді ол.

Министрдің айтуынша, мұнан бөлек қырғыз тасымалдаушылары жүкті белгіленген мөлшерден артық тасымалдап, тіпті еліміздің аумағында жүруге рұқсат та алмайды.

«Аталған фактілерге қатысты материалдар мемлекеттік кіріс органдары мен экономикалық тергеу органдарына жағдайды одан әрі нақтылау үшін жіберілуі тиіс», - деді министр.

Жеңіс Қасымбектің атап өтуінше, Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша трактор  мен жартылай тіркеме құрамындағы автопойыздың рұқсат етілген массасы 40 тоннадан аспауы тиіс. Ал шын мәнісінде Қырғыз Республикасының көлік тасымалдаушылары шамадан тыс жүктемені 5, тіпті 7 тоннаға дейін асырып жібереді.

«Мысалы, ағымдағы жылдың 13 қазанында қырғызстандық тасымалдаушыға тиесілі көлік құралын тексеру кезінде жүктің рұқсат етілген нормадан 5 тоннаға артық болғаны анықталды. Біз бүгінгі күні мұндай көлік құралдарын тоқтатып жатырмыз. Тасымалдаушы айыппұл төлейді. Жүкті бөлу және айыппұл төлеу мүмкін болмаған жағдайда көлік құралы айып тұрағына жіберіледі. Бұл жұмыстарды көлік полициясымен бірге атқарудамыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар