Қылмыскерлер сотта 11 жастағы оқушының мүрдесін бөлшектемек болғанын айтты

None
None
ҚАСКЕЛЕҢ. ҚазАқпарат - 11 жастағы оқушы Өркен Азаматұлының мүрдесін қылмыскерлер қалай жасырмақ болғанын сотта айыпталушының бірі Қадыржан Гулямов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Гулямов сот залында Шәрипа Ақбердиеваның енесі мен күйеуін жамандап, өгей баласын өлтіру туралы ой айтқанын жеткізді. Күдіктінің айтуынша, олар баланы алдап, Ақсайдағы саяжайлардың біріне алып келген. Гулямов баланың арқа тұсынан келіп, аузын жапқан. Темір Ақбердиев алдынан келіп, оны тұншықтырған. Шәрипа баланың мүрдесінен құтылудың бірнеше жолын айтқан, соның ішінде баланы мүшелеп, бөлшектеп тастауды ұсынған.

Айта кетейік, тергеу амалдары кезінде Ақбердиева Қадыржан Гулямовқа ешқандай тапсырыс бермегенін, оның дәлелдері жалған екенін айтып келген.

Еске сала кетейік, Қаскелеңде 11 жастағы Өркен Азаматұлының өліміне қатысты басты сот талқылауы өтіп жатыр.

Күдікті ретінде оның өгей шешесі Шәрипа Ақбердиева, оның балалары Темір мен Айдана және Темірдің ағайыны Қадыржан Гулямов және іске қатысты Руслан Муталиев ұсталған.

Бұған дейін хабарланғандай, Алматы мектептерінің бірінен Өркен Азаматұлының жоғалғаны туралы ақпарат 2017 жылдың 19 қаңтарына тараған. Кейін баланың мүрдесі табылған.

Шәрипа Ақбердиева мен Темір Ақбердиев ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлігі, 3,7,14 тармақтары (ұйымдасқан түрде кісі өлтіру) және 132-бап (Кәмелетке толмағанды қылмыстық іске тарту) бойынша айыпталып отыр.

Қадыржан Гулямов 99-баптың 2-бөлігі 3,7,14 тармақтары бойынша және 125-баптың 2-бөлігі, 1,5 (ұйымдасқан түрде адам ұрлау) тармақтары бойынша, ал Айдана Ақбердиева мен Руслан Муталиевке аталған қылмыстардың жасалуына көмек көрсеткені үшін 99-баптың 2-бөлігі, 3, 7, 14-тармақтары және ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігі, 1,5 тармақтары бойынша іс қозғалған.

Соңғы жаңалықтар