Қуат Хамитов пен Магомедсайгид Алибеков арасындағы қарымта жекпе-жек өтпейтін болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қуат Хамитов пен Магомедсайгид Алибеков арасындағы қарымта кездесуді бірден өткізу мүмкін емес, дегенмен болашақта ол Қазақстан жерінде өтуі ықтимал. Бұл туралы бүгін FIGHT NIGHTS GLOBAL промоушенінің президенті Камиль Гаджиев мәлім етті.

«Қуатқа жеке алғыс айту керек. Ол қазақ ММА спортын мықты дамытып жатыр. Қуат титулдық жекпе-жекте өзінің бар әлеуетін көрсеткен жоқ. Меніңше, Қуат та, оның қарсыласы да бұдан да мықты өнер көрсете алады. Ол үлкен жауапкершілікті сезінді, артында қанша адам қарап отырғанын, тақым қысып отырғанын түсінді. Бірақ мен қазір басқа мәселені көтергім келеді, Қуат сияқты жігіттер залдағы және залдан тыс күнделікті жұмысымен барлығының көңілін аударады. Оның көрермені көп. Қазақ ММА спортын және FIGHT NIGHTS GLOBAL жекпе-жектерін соның арқасында елдер қарай бастады», - дейді Гаджиев.

Оның айтуынша, ҚуатХамитов биыл қайта FIGHT NIGHTS GLOBAL аясында жұдырықтасуға шығатын болады және тек мықтылармен кездесу өткізеді.

«Оның жоспарларына келетін болсақ, биыл жазда, мүмкін күздің басында ол біздің алаңға қайта шығады. Оның көтеріп кеткен жоғары деңгейі болғандықтан, енді ол бұдан былай тек үздіктермен күш сынасады. Ол өткен аптада өткізген жекпе-жектен соң, қалпына келуде. Әйтпесе сөз жоқ Астанада FIGHT NIGHTS GLOBAL турнирінде атой салар еді. Бірақ біз оны мәртебелі қонақ ретінде шақырып отырмыз», - деп атап өтті ұйым басшысы.

Сонымен қатар ол Магомедсайгид Алибеков пен Қуат Хамитов арасындағы қарымта жекпе-жекке қатысты түсініктеме берді.

«Реванш өткізу, әрине, қызық болар еді. Бірақ титулға үміткер спортшымен бірден екінші рет қарымта өткізу аралас жекпе-жек жанры бойынша мүмкін емес. Қуат соңғы жекпе-жегінде жеңіліс тапқандықтан, спорт заңы бойынша ол чемпиондық атаққа таласа алмайды. Себебі соңғы кездесу жеңіліспен аяқталды. Жекпе-жек тең дәрежеде өтті. Көптеген сұрақтар болды. Мен олар әлі кездесетініне сенімдімін. Өйткені тариx бар. Үлкен айқастар тариxтан құралады. Бұл жекпе-жек болашақта Қазақстанда өтуі әбден мүмкін. Бірақ Қуат Хамитовтің бұл салмақта беделді қарсыластары жетерлік. Менің ойымша, оның көзіне өзге де қарсыластар түсуі ықтимал», - деді Гаджиев.

Айта кетейік, қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитов 21 сәуірде төрешілердің шешімімен Fight Nights дәрежесі бойынша әлем чемпионы, ресейлік Магомедсайгид Алибековке жеңілген болатын. Алайда жекпе-жек аяқталысымен Хамитов өзінің қарсыласына Алматыда қарымта кездесу өткізу туралы өтініш жасады.

«Қуат, мен қарымта кездесу өткізуге дайынмын. Алайда бұл тек маған ғана байланысты емес. Ұйымдастырушылар бар, олар қандай шешім қабылдайды, бәрі соған байланысты», - деді Алибеков.

Соңғы жаңалықтар