ҚТЖ 2017 жылы 20-дан астам активін сатады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2017 жылы 20-дан астам активін бәсекелес ортаға шығарады, деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.

Бұл жайлы  Алматыда өткен Инвесторлар күнінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев мәлім етті.

Ол өз сөзінде биылғы Жолдауда бизнес ортаны барынша түбегейлі жақсарту туралы тапсырма берілгендігін атап өтті.  Осы мақсатта «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобы бірқатар активтерді бәсекелес ортаға шығару үшін белсенді қызмет атқаруда. Бұл шаралар Компанияның стратегиялық дамуы мен жекешелендірудің мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің тапсырмасына орай, «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол компаниясы көліктік-логистикалық холдингке айналды. Холдингтің алдында транзиттік әлеуетті жүзеге асыра отырып, Қазақстанның Жаңа Жібек жолы бойындағы логистикалық хабы болып қалыптасуына қызмет етуде.

«Қазіргі таңда ҚТЖ компаниялары тобында мақсатты құрылымдық топтар құрылуда. Олар бейіндік активтерді шоғырландыру мен көлік-логистикалық бизнес сегментін бір бағытқа бейімдеп, сонымен қатар бейінді емес қосымша активтерді жекешелендіруді көздейді»,-деді ол. Жекешелендіруге теміржол техникалары мен құрал жабдықтарын шығаратын зауыттар, жүк және жолаушылар тасымалдау сегментіндегі активтер, көлік-логистикалық терминалдар, қосалық бейінді емес активтер шығарылады,-деді Қазақстан темір жолының басшысы.

Қ. Алпысбаевтың айтуынша, (2014-2015) жекешелендірудің бірінші кезеңінде 21 актив шығарылып, одан 42,4 миллиард теңге түсті. Компанияның көптеген еншілес кәсіпорындары бастапқы бағасынан жоғары сомаға сатылды. Бұл өз кезегінде жеке сектордың ҚТЖ активіне деген сұранысының жоғары екендігін көрсетеді.

2016 жылы 11 актив жеке секторға шығарылып, 24 млрд. теңгеге бағаланды. "Локомотив құрастыру зауыты» АҚ 50% акциясы Evolution сериясындағы локомотивтердің технологиясының меншік иесі мен негізгі жабдықтар жинағын жеткізуші «General Electric» компаниясына берілді.

2017 жылы ҚТЖ компаниялары тобының 21 активі шығарылады. Олардың ішінде Ақтау халықаралық теңіз сауда порты мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ сенімді басқаруындағы бірқатар өңірлік әуежайлар бәсекелес ортаға шығарылады.

«Біз мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасына қазақстандық және шетелдік инвесторлардың белсенді қатысуын күтеміз»,-дейді Қ. Алпысбаев. "Бұл өз кезегінде бизнес ортадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, елімізде орта және шағын бизнестің дамуына серпін береді". 

Соңғы жаңалықтар