ҚР Жоғарғы сотының төрағасы виртуалды соттар құрмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 2-3 жылдың ішінде Қазақстанда виртуалды соттар құрылатын болады.  Бұл туралы бүгін сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ойлап көріңіздерш, бір минуттың ішінде компьютер барлық сот тәжірибесі мен заңдарды өңдеп шығып, әрбір судьяға қажетті ұсынысты береді. Біз ІТ-технологиялардың мүмкіндігін әрбір судья пайдалана алатындай мүмкіншілік жасауға тиіспіз. Әрине, біздер үшін ол қиял-ғажайып сияқты. Бірақ, таяу аралықта бұл шындыққа айналады. Алдағы 2-3 жылдың ішінде виртуалды соттар құру міндетін қоямыз. Онда процеске қатысушылардың барлығын сот залына жинаудың қажеттілігі болмай қалады. Олардың қай-қайсысы да үйінде отырып, шетелден процеске қатыса алатын болады», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Сонымен қатар ол ІТ-инфрақұрылымы бар болса да судьялардың қағазбастылықтан әлі күнге арыла алмай отырғандығын сынады.

«Біріншіден компьютермен жұмыс істегіміз келмейді. Екіншіден компьютерлік сауат төмен. Үшіншіден, ІТ-сервис мүмкіндіктерін аз айтамыз. Төртіншіден, техникалық құралдар жоқ. Бесіншіден, интернет жылдамдығы төмен және жоқ та. Басты проблема - судьялардың өздері. Шындығын айтқанда, қағазға үйреніп алғанбыз. Мен де қағазды жақсы көрем. Бірақ, қазір менің өтінішіммен жалпы бөлім маған бірнеше тапсырма жүктеді. Олар мені мықтап қолға алды және таяу аралықта тіпті табанды түрде талап етсем де құжаттарды қағаз күйінде әкелмеуге уәде берді», - деді Жақып Асанов.

Кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы сот жүйесінде ешқандай реформа жасамайтындығын мәлім етті. Сонымен қатар ол, дауды сотқа жеткізіп, айқай-шумен шешкісі келетіндер көбейіп кеткенін айтып, бітімгерлік мәдениетінің керектігін айтты.

Соңғы жаңалықтар