ҚР Ұлттық банкінің басшысы криптовалютаға қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің башысы Данияр Ақышев баспасөз және телевизиялық БАҚ редакторларымен болған кездесуінде криптовалютаны пайдалануға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банктің баспасөз мәліметтеріне сілтеме жасай отырып.

Кездесу барысында банк басшысы бір жарым сағат бойына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Сауалдардың бірі криптовалютаға қатысты болды. 

Д.Ақышев сөзінде криптовалютаны реттеу немесе оны шектеуге қатысты мәселе қосымша зерттеуді қажет ететіндігін айтты.

«Ұлттық банкте криптовалютаны зерттеумен бірнеше департамент айналысып жатыр. Әзірге қазір бұл нарықта болып жатқан процестерге қатысты қандай да бір толыққанды мәлімет беруге ерте. Бұл жерде біз қазір белсенді ойыншыдан көрі байқаушы рөліндеміз»,-деді ол.

Сонымен қатар, банк басшысы қаржы реттеушінісің мұндай көзқарасы немен байланысты екенін түсіндіріп берді.

«Бірінші кезекте түсініп алу қажет мәселе - криптовалюта әлемде бар нәрсе, осыған қарай оны шектеу шарасын қолдану үшін оны әкімшілендіру тетігі бар ма деген мәселеге көз жеткізіп алу қажет. Егер Сіз шетелде жүріп қаржы пирамидасының қатысушысы бола қалсаңыз, ҚР Ұлттық банкі бұл жағдайға ықпал ете алмайды. Ал, Қазақстанда біз бұл мәселені әкімшілендіре аламыз»,-деді Д.Ақышев.

Ол өзінің сөзінде Ұлттық банктің осы кезде реттеу тетігі мен қаржы реттеушісінің мүмкіндіктері тұрғысында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын атап өтті.

«Меніңше, қандай да бір шектеулерсіз қаржыны әлемнің кез келген жеріне аударуға мүмкіндік беретін ашық валюта еркіндігі жағдайында тұрғындар криптовалютаны қазақстандық нарықта емес, көршілес елдердің аймағынан сатып алуы ықтимал. Осыған қарай бұл процесті реттеу өте күрделі болады»,-деді ол.

Сөз соңында Д.Ақышев тұрғындардың орталық банктер тарапынан көтерілетін мәселелерді дұрыс түсіне бермейтіндігіне өкініш білдірді.

«Жалпы алғанда қандай да бір елдің криптовалютаны мойындағандығы туралы жиі естіп жүрміз. Меніңше, бұл әңгіме жекелеген реттеу тетігі бар немесе криптовалютаны тар құқықтық шеңберде қолдануы мүмкін жағдайларға қатысты болып отыр. Мысалы оны білікті мамандары бар нақты бір топтар елдің ішіндегі нақты бір мәселе бойынша қолдануы мүмкін. Сондай-ақ криптовалютаға тіксіне қарайтын елдер де бар, олар әрине оған шектеу қояды. Бұл мәселе бойынша әзірге нақты бір стандарт жоқ»,-деді ҚР Ұлттық банк басшысы.

Соңғы жаңалықтар