ҚР Үкіметі Яндекспен бірлескен жұмысқа уағдаласты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда білім саласын дамыту бағытында «Яндекс» компаниясының басшысы Аркадий Воложбен уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше бізде «Яндекс» басшысы Воложбен кездесу өтіп, мектеп жасынан бастап кадрларды даярлау бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаластық. Бұл саладағы Қазақстандағы статистикаға сүйенсек, 7-ші сыныпқа дейін біздің оқушылар халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанады, кейіннен жоғары сыныптарда бұл көрсеткеткіш екі есеге төмендейді, ал университеттерде мүлдем қатыспай қояды. Яғни, жасы жоғарылаған сайын мамандарды даярлау нашарлай бастайды. Сондықтан да отандық білім берудің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін жұмыстарды жалғастыру қажет. Сол себепті барлық қажетті өзгерістерді енгізіңіздер, қолдау жасалады», - деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім мен ғылымның бағдарламасы жайында баяндап берді.

«Білім және ғылымның төрт жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші жылын орындап жатырмыз. 2016 жылы бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесі бойынша Президент Әкімшілігі бізге жақсы баға берді. Екі жылдың ішінде құжатты іске асыру үшін «Білім туралы» Заңға және «Ғылымды коммерцияландыру туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. 2017 жылы бағдарламада 8 индикатор, 51 көрсеткіш, 168 іс-шара қарастырылған. Жалпы, барлық индикаторлар мен көрсеткіштер сәтті орындалуда», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы бағдарламаны іске асыруға 420 млрд теңге бөлінді, соның ішінде республикалық бюджеттен 250 млрд теңге, жергілікті бюжеттен 170 млрд теңге бөлінді. Биылғы 9 айға бөлінген 280 млрд теңгенің 99,8 пайызы игерілді.

Соңғы жаңалықтар