ҚР Бас прокуроры академиктен емтиханда қалай «5» алғанын айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Бас Прокуроры Жақып Асанов студент кезінде академик Сұлтан Сартаевтан емтиханда қалай «5» деген баға алғанын, сол оқиға өміріне жетерлік сабақ болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін Алматыда әйгілі заңгер, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаевтың 90 жасқа толғанына орай Қазақстан заңгерлерінің басын қосқан ғылыми жиын өтті. Академиктің 90 жасына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференция әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткізілді. Қазақстан тәуелсіздігінің ірге тасын қалаушылардың бірі - Сұлтан Сартаевты құттықтауға бүгінгі күні түрлі лауазымды қызметтер атқарып отырған оның шәкірттері, белгілі заңгерлер жиналды. Әр мемлекеттен, танымал тұлғалардан келген құттықтау хаттар оқылды.

Жиында баяндама жасаған, академиктің шәкірті ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов өз естелігімен бөлісті.

«Біз Сұлтан Сартайұлының шәкірті екенімізді мақтанышпен айтамыз. Ол кісі - Қазақстан заң саласының аңыз адамы және ұлы ұстаз. Мен Тәуелсіздік алғаннан бері 8-ші бас прокурормын. Сол 8 Бас прокурордың алтауы - Сұлтан Сартайұлының шәкірті. Мен осы жерде бір оқиғаны еске алғым келіп тұр. 1981 жылы қаңтар айының аяғында алғашқы сессия тапсыратын болдық. 1-ші емтиханды «беске» тапсырып шықтым. 1-ші емтиханнан кейін, маған ауылдан хабар келіп, шұғыл кетіп қалдым. Қайтып келсем, 3 емтихан өтіп кетіпті. Ол кезде емтиханнан өтпей қалғандар қайта тапсыратын, мені солардың арасына қосты. 30-40 жаспыз, емтихан тапсырдық. Сұлтан Сартайұлының алдына келіп, билет алып, сұраққа жауап бердім. Ол кісі ұзақ тыңдап болғасын, баға қоймай отырды. Сосын маған қарап: «Жақып, сен пәнді біліп тұрсың ғой. Неге «перездачаға» қалдың?», - деді. «Ауылға баруға мәжбүр болдым», - дедім. Ол кісі сондайлық шұғыл не іс болғанын сұрады. Мен әкемнің өмірден өтекенін айттым. Ол кезде емтиханды қайта тапсырған «задолжниктерге» «бес» деген баға қоймайтын бір жазылмаған заң болатын. Мені тыңдап болған ұстазым, үндеместен, сынақ кітапшамды қолыма берді. Шығып қарасам, «5» деген баға тұр. Мәселе бағада емес. Біздер, заңгерлер үшін осы жерде бір маңызды мәселені түсіндім. Бұл маған өмір бойы сабақ болды. Қай жерде болсаң да, қай деңгейде қызмет етсең де, ең алдымен адамды тыңдай білу қажет. Оны естіп, жағдайын түсіне біл! Сосын барып, шешім қабылда. Бізге, заңгерлерге бұл өте маңызды. Өкінішке, қарай біз өзіміз сөйлеп, басқаны тыңдай бермейміз. Сол өнеге маған өмір бойы сабақ болды», - деп еске алды ҚР Бас прокуроры.

Жиында С.Сартаевтың 90 жылдығына арналған «Академик С.Сартаев и его вклад в развитие государственно-прававой системы Республики Казахстан: прошлое, настоящее, будущее» деп аталатын кітаптың тұсауы кесілді.

null 

Соңғы жаңалықтар