ҚР АШМ: Тамақ өнеркәсібін дамытуға ҚҚС кедергі келтіруде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Қосылған құн салығы (ҚҚС) ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға тосқауыл болып отыр. Бүгін Мәжілісте «Өсімдік шаруашылығы өнімін өңдеудің проблемалары туралы» тақырыптағы дөңгелек үстелде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында ең басты мәселелердің бірі бастапқыдан қосылған құн салығына байланысты проблема деп ойлаймын. Атап айтқанда, осы саладағы өңдеу ісі ең бірінші болып аталған проблемаға тап болды. Өңдеу өнеркәсібі дайын өнімінің өзіндік құнында 50 процентін шикізат құрайды. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімі. Өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылығы өнімінің 90 пайыздан астамы жеке қосалқы және шағын шаруашылықтарда өндіріледі және олар ҚҚС төлемейді.
Нәтижесінде, ҚҚС төлеу тұрғысында 90 пайыз жүктеме өңдеуші кәсіпорындардың иығына артылады. Бұл салық түрі тауарларды артық өндірумен күрес үшін Батыс Еуропа елдерінде енгізілген болатын. Кез келген жағдайда ҚҚС-тың түпкілікті төлеушісі - ол тұтынушы.
Қосылған құн салығының пайдалы немесе зияны тұрғысындағы ықпалын біздің дүкендердің сөрелерінен байқауға болады. Көп жағдайда Ресейден жеткізілген азық-түлік тауарлары таралған»,-деді Рақымбеков.

Оның атап өтуінше, Ресей мен Қазақстанда бастапқы ұстанымдар бірдей болды, сонымен қатар табиғи-климаттық жағдай, субсидиялар және мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлері шамалас деңгейде қалыптасты. Бірақ қазақстандық тағам өнеркәсібінің кейін қалуының негізгі себебі ол қосылған құн салығының есептелуіне, төлеуіне және қайтаруына қатысты болып отыр. Дегенмен де Ресейде ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесі 18 пайыз, ал Қазақстанда 12 пайыз.

Т. Рақымбековтың айтуынша, ҚҚС енгізілген сәттен бастап Ресейде қосылған құн салығын төлемейтіндерден (жеке үй шаруашылықтары мен фермерлер) шикізат сатып алумен байланысты өңдеуші әрі тамақ өнеркәсіптерінің барлық айналымын аталған салықтан босатты.
Рақымбековтың сөзіне қарағанда, 2021 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қанатқақты жоба ретінде өндіріспен, өңдеумен, импортпен және сатумен байланысты барлық айналымды ҚҚС-тан босатуға болады. Бұл тұрғыда АӨК барша экономиканың драйвері ретінде айқындалғандықтан, осы тектес қадамдарды іске асырған дұрыс болар еді.

Соңғы жаңалықтар