ҚР Әнұранын шатастырып қойған РФ Самбо федерациясы кешірім сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Сочиде өткен самбодан Әлем чемпионатында Қазақстанның Әнұранының шатасып қойылуына байланысты РФ Самбо федерациясы кешірім сұрады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаева хабарлады.

«Қараша айының 10-13 қараша аралығында Ресейдің Сочи қаласында Әлем чемпионаты өтті. Сол чемпионатта қазақстандық Есет Қуановты марапаттау барысында Қазақстанның ескі Әнұраны қосылып кетті. Оған негізінен ұйымдастыру комитеті кінәлі. Бірақ, бүгін бізге Ресей Федерациясының Самбо федерациясынан хат келіп түсті. Ол хатта Самбо федерациясы орын алған жағдайға өздерінің кешірім сұрайтындықтарын білдірген. Хатта осындай жағдай техникалық ақаулыққа байланысты орын алғаны жазылған», - дейді Раухан Тоғымбаева.

Раухан Тоғымбаеваның айтуынша, РФ Самбо федерациясы олқылыққа техникалық ақау мен адами фактор себеп болып отырғанын түсіндірген.

«Өздеріңіз білетіндей, бұл бірінші рет орын алған жағдай емес. Әнұран 11 жыл бұрын жаңартылғанымен, қаншама рет шатастыру жағдайы тіркелді. Осыны алдағы уақытта болдырмау үшін жұмыс жүргізілетін болады. Бұл жұмыс қалай жүзеге асырылады? Бәлкім, егер ұйымдастыру комитеті өздерінің жұмысын жоғары деңгейде жасай алмайтын болса, онда комитеттен арнайы бір өкіл бөлеміз бе?.. Ол сұрақтарды алдағы уақытта шешетін боламыз», - дейді Раухан Тоғымбаева.

Соңғы жаңалықтар