Қостанайлық кәсіпкерлерді қаржыландыруға 3,1 млрд теңге бөлінді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл облыста нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыруға 3,1 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауылдар мен шағын қалаларды нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыруға биыл облысымызға 3,1 млрд теңге несие қаражаты келіп түсті. Бұл соманы 217 адамға несиелеп беру жоспарланып отыр. Аталған қаржы барлық аудандарға тең бөлініп беріледі. Ал алдағы мамыр айында қосымша тағы 1 млрд теңге келіп түспек», - деді Дархан Әбдікәрімов.

Басқарма басшысының дерегінше, биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1,5 мыңнан астам адамды оқытып, 415 адамды несиелеу жоспарланған. Бағдарлама шартына сәйкес несие аудандар мен шағын қалаларға бейім жобаларға беріледі. Мәселен, былтыр нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша берілген несиенің 80% мал шаруашылығына тиесілі.

Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытылатын адамдарға несие беру жолдарын қайта қарастыру керектігін айтты. Әр өңір үшін өзіне тиесілі кәсібі болу керектігін баса айтып, мамандардың бизнес идея жағына сылбыр екенін сынға алды.

«Егер қаражатпен қамти алмасақ, тұрғындарды не үшін оқытып жатырмыз? Әр аудан, шағын қалаларға бейім қандай кәсіп болу керек, соны бүктеме қағазға мәселен «100 идея» немесе «50 идея», «30 идея» деп ұсыныс жасасаңыздар, дұрыс болар еді. Бір аудан ет өндіруге, бір өңір доңыз, енді бірі қоян, тағы біреуі көкөніс өсіруге қолайлы. Осыған мән беріңіздер», - деді А.Мұхамбетов.

Аймақ басшысы тиісті басқармаларға кәсіпкерлерді оқыту бойынша еліміздің басқа облыстары мен Ресей елінің тәжірибесін қарауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар