Қостанайда сүтті қайта өңдейтін жаңа жобалар қолға алынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл облыста сүт өндірісін дамыту мен сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайту үшін бірнеше жобалар қолға алынады. Бұл туралы тұрғындарға есеп беру кездесуінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешені оңды нәтижелерге қол жеткізді. Өңір басшысы айтқандай, былтыр 362,2 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері өндірілген.

«Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 2016-2017 жылдары 33 ауылдық өндірістік кооператив құрылды, олардың 20-сы - ет және 13-і - сүт бағытында. Осы жылы сүт өндірісін дамыту үшін жаңа жобалар жасалады. Былтыр 5 модульді сүт қабылдау пункті және 12 мал сою орталығы ашылды. Бүгінде 9 кооператив 13 мың тонна сүт сатып алды. Енді сүт өндірісінің орнықты өсуі және қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайту үшін «Милх» зауытының базасында сүт кластері құрылатын болады», - деді Архимед Мұхамбетов.

Биыл Қостанай қаласында тағы бір ауылшаруашылық өнімдері базасы құрылады. Ол - май экстракциялау зауыты жанындағы майлы дақылдар кластері.

Облыс әкімінің сөзінше, майлы дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту жоспарланып отыр.

«Жалпы алғанда, халық тұтынатын тамақ өнімдерінің негізгі тобы өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етіледі. Соңғы жылдары жүргізілген модернизациялау қайта өңдеу кәсіпорындарының дамуын  6%-ға, сүт зауытының әлеуетін 7%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2017 жыл ішінде сыртқы нарыққа ұн шығару 880 мың тоннаға жетті. Жарма мен тауық жұмыртқасы экспортының көлемі шамамен 3 есе, өсімдік майы 3,9 есе, ет пен ұқсатылған ет өнімдері  1,5 есе өсті», - деді облыс басшысы өз баяндамасында.

Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, былтыр аграрлық секторда құны 4,4 млрд теңгенің 19 жобасы іске асырылды. 2018 жылы астық пен етті қайта өңдеу саласында 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарға алынды.

Соңғы жаңалықтар