Қостанайда өсімдік қалдықтарымен жанатын пеш құрастырылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда жылу қазандықтарын шығаратын кәсіпорын елімізде баламасы жоқ жаңа өнім түрін ұсынып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«ҚостанайСтройСервис» ЖШС мамандары құрастырған темір пештің басты ерекшелігі - көмір мен ағаш, газдан бөлек, өсімдік қалдықтарымен де жанады.

Бұл экономикалық және экологиялық жағынан аса тиімді»,- дейді кәсіпорынның аға шебері Валерий Штебнер.

«Астықты өңірде майлы дақылдардың сабаны негізінен егістік алқаптарында өртеледі. Себебі оның шіруі ұзақ және тыңайтқыш ретінде тиімділігі шамалы. Осыны ескеріп, қурауға жақын сабандарды іске жаратудың амалын қарастыра бастадық. Нәтижесінде өсімдік қалдықтарын жағатын қазандық құрастырып отырмыз», - дейді ол.

Пешке сабан жағу үшін қосымша жел үрлегіш қондырғы орнатылған.

«Өсімдік қалдықтары көмірге қарағанда 5-6 есе арзанға түседі. Экологиялық жағынан да таза. Қоңсы иіс шықпайды. Тәулік бойына 2 тонна сабан 8 мың шаршы метрді жылытады. Одан қалды, бұл пеште тезек, құс саңғырығы сияқты түрлі ауыл шаруашылығы қалдықтары да жақсы қызу береді», - деді кәсіпорын қызметкері Александр Павловский.

Қазір кәсіпорын жылыту аумағына байланысты баламалы отын энергиясын пайдаланатын әмбебап пештің осындай төрт түрін шығарады.

Соңғы жаңалықтар