Қостанайда дәрі-дәрмек алу үшін қомақты қаржы жұмсалмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында дәрігерлік көмек тек сақтандыру пакеттері арқылы көрсетілетін болады. Тиісінше, медициналық қызмет көрсететін мекемелердің саны көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдардан 617 млн теңге қаражат түсті. Бұл қаржы жаңа медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек алуға, сақтандырылған азаматтарға дәрігерлік көмек беруге жұмсалады.

Өңірдегі білікті дәрігер Жұмағали Еркінбайдың айтуынша, медициналық сақтандыру қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі кейбір кемшіліктерді жойып, саладағы жұмысты оңтайлы жүйелеуге жол ашады.

«Мұның нәтижесінде қызмет сапасы артады. Қостанайда құрылған арнайы ақпараттық топ медициналық сақтандыру жайлы халыққа кеңінен түсіндіруде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуден облыс тұрғындары тыс қалмауы тиіс», - дейді дәрігер.

Медициналық сақтандыру әлеуметтік қор арқылы жүзеге асады. Қордың жұмысын мемлекет қадағалап отырады. Арнайы мониторинг жүргізіледі. Халық тарапынан түскен шағымдар мен сапаға қатысы бар ақпарат тіркеліп, назарда болады.

Бүгінде 66 мекеме медициналық қызмет ұсынбақ. Қаңтардан бастап көрсетілетін көмек түріне дайындық қызу жүріп жатыр.

Қостанай облыстық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы барлық қызмет түрлерінің сапасын қадағалайды. Ол үшін арнайы құрылған fms.kz сайтында «Халықтық бақылау» бөлімі бар. Мұнда шағымдар мен арыздар қабылданып, онлайн режимде қаралады.

Соңғы жаңалықтар