Қостанайда бензин бағасы тағы да өсті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы әкімдігіндегі аппарат мәжілісінде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы Мұрат Шаимовтың есебі тыңдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Қостанай облысында 155 жанар-жағармай стансасы жұмыс істейді. Мұнай өнімдері Павлодар және Атыраудан жеткізілетін. Алайда,  бұл зауыттардағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

«Павлодар мұнай өңдеу зауыты жоспар бойынша жөндеу жұмыстарын осы жылдың қазан айында бітіруі керек еді. Алайда, зауыттың қайтадан іске қосылуы 25 желтоқсанға кейін шегерілді. Енді тек АИ-92 бензині ғана емес, дизельдік отынды жеткізу жағы да қиындайын деп тұр. Қазір көптеген операторлар жағармайды Ресейден тасуға мәжбүр. Сол себепті, стансалардағы баға да тұрақтамай тұр», - деді Шаимов.

Оның сөзіне қарағанда, қыркүйек айында Энергетика министрлігінен АИ-80 маркалы 1380 тонна бензин сұратылды.

«Сол кезде министрлік небәрі 500 тонна АИ-80 бензинін бөлді. Қазан айында сұратылған 1256 тонна бензиннің 200 тоннасы жеткізілуі керек-тін. Операторлар ақшасын төлесе де, аталған көлемдегі жанар-жағармайды толықтай алмаған. Ал қарашада облысқа1571 тонна АИ-80 бензині қажет. Қазір «Гелиос» пен «ҚазМұнайГаз» операторларынан басқа еліміздің басқа өңірлеріне аталған маркалы бензинді жеткізу мүмкін болмай отыр», - деді басқарма басшысы.

Осылайша, қостанайлық жағармай бекеттерінде АИ-80 маркалы бензин тапшылығы байқалады.  Оны Ресейден әкелуге қалта көтермейді. Негізгі белгіленген бағасы литріне 89 теңге болғанымен, Ресейден жеткізу үшін екі есе қаржы кетеді. Қазір бекеттердегі баға тағы да өсті. АИ-92 бензинінің бағасы 160-169 теңге аралығында болса, дизельдік отын 155-тен 167 теңгеге дейін барады.

Сонымен қатар, Шаимов бензин тапшылығына ел аумағын транзитпен кесіп өтетін көліктердің үлкен сұранысы әсер етіп жатқандығын айтты.

Соңғы жаңалықтар