Қостанай облысында сібір елігін атушылар көбейген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында биыл браконьерлердің мемлекетке келтірген шығыны жеті миллион теңгеден асып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Боранбай Айтқожин мәлім еткендей, қазіргі күні браконьерлер келтірген шығын сомасының жартысы өндірілді.

«Ағымдағы жылдың 11 айында тұяқты жануарларды заңсыз атудың 9 фактісі анықталды. Оның ішінде браконьерлер 3 қабанды, 6 сібір елігін атқан. Осылайша, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексіне сәйкес, аң аулау ережелерін бұзған азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізілген жануарлар мен құстарды атқандарға жаза құны бірнеше еселенеді. Мысалы, бір заңсыз олжаланған сібір елігі үшін 250 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленген», - деді бөлім басшысы

ҚР жануарлар дүниесін сақтау үшін аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасының инспекторлары үнемі рейдтік шаралар ұйымдастырып тұрады.

«Жыртқыш құстармен аң аулау кезінде арнайы паспорт талап етіледі. Белгіленген тыныштық сақтау аймақтарында және аң-құс өсiмiн молайту учаскелерінде аулауға тыйым салынады. Аңшылық шаруашылығы субъектісімен шарт жасаспай, кәсiптiк мақсатта аң аулаушылар жазаға тартылатынын ескертеміз», - деді Боранбай Айтқожин.

Еске салсақ, тұяқты жануарларды әуесқойлық (спорттық) мақсатта аулау уәкілетті органның бекітілген мерзімінде рұқсат етіледі. Биыл Қостанай облысында тұяқты жануарларды аулау үшін арнайы алқаптарда 31-желтоқсанға дейін жолдама беріледі. Атап айтқанда, сібір елігін ату 20-қыркүйектен, ал қабан аулау 2-қыркүйектен басталды.

Соңғы жаңалықтар