Қостанай облысы соттарының барлығында аудио-бейне бақылау бар
Осы мәселеге байланысты жиында айтылғандай, сот төрелігін жүзеге асыру, сот ісін жүргізудің ашықтығына қол жеткізу бойынша жұмыстарды оңтайландырудың перспективалық бағыттарының бірі - ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану.
«Аймақтағы соттардың барлығы сот залы аудио және бейнежазба құралдарымен жабдықталды. Сондай-ақ, компьютерлер мен ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған жайт сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған іс-әрекеттердің туындауына кедергі болатыны анық. Сот хатшылары қазір бұрынғыдай сот мәжілісінің хаттамасын жасақтамайды, тараптардың сот мәжілісінде айтқан сөздері аудио-бейне таспасына жазылып алынып, сот мәжілісі аяқталғасын олардың өтініштері бойынша қолдарына беріледі», - деді Құлдүйсенов.
Сонымен қатар, қазіргі таңда сот ісін жүргізуді автоматтандыру және оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» ақпараттық сервистері іске асырылуда.
Әбдіжәми Құлдүйсеновтің айтуынша, 2016-жылы 47041 сот ісінің 44924-і аудио-бейне тіркеу арқылы қаралды.
«Сот жүйесінде заманауи технологияларды пайдалану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, төрешілік кедергілерді қысқартады, сот органы қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады», - деді облыстық соттар әкімшісінің басшысы.