Қостанай ауданында абаттандыру жұмыстарына қомақты қаржы бөлінді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы, Қостанай ауданында «Туған жер» бағдарламасы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Қостанай ауданында «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде 99 меморандумға қол қойылған. Оның көбісі жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен жасалған. Мәселен, жақында ғана ашылған Ыбырай Алтынсарин кесенесінің жаңартылуына 81 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Сондай-ақ, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеріп, аудан орталығында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы 5 компания бірігіп, тұрғын үй кешені мен балалар алаңын салуды жоспарлап отыр. Көшелерге бейнебақылау құрылғылары орнатылмақ. Аталған жұмыстарға игерілетін қаржының барлығы кәсіпкерлерден алынады.

«Абаттандыру жұмыстарына 40 млн теңге қарастырылды. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі жолдарды орташа жөндеуге бағытталған. Жыл басынан бері Қостанай ауданында 13 ірі жоба қолға алынған. Қазір оның 4-еуі аяқталды. Енді көшелерді көркейтуге кәсіпкерлер атсалысамыз деп отыр. Алдағы уақытта «Туған жер» бағдарламасы негізінде бірнеше нысан жаңа кейіпке енеді», - деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Болат Бекенов.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, Затоболдағы №1 орта мектеп жақында орталық кәріз жүйесіне қосылды. Оған 20 млн теңге жұмсалған.  Алтын Дала ауылындағы мектептің жөнделуіне  5 млн теңге жаратылды.

Соңғы жаңалықтар