Қоныс аударушыларды жұмыспен қамтығандарға қанша төленеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында болған жиналыста ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова жергілікті атқарушы органдардың назарын қоныс аударушылардың жұмыспен қамтылуына аударды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мадина Әбілқасымова өңірдегі нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуына оң баға берді. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 19 мың адам жұмысқа тартылып, соның 13 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

«Қоныс аударушылардың жартысынан азы жұмыспен қамтылған. Осы бағытта азаматтарды оқыту, қайта даярлау бойынша жұмыс істеу керек. Өңірде жұмыс күші жеткіліксіз. Осыған байланысты басқа облыстардан оларды тарту жұмыстарын жалғастыру қажет», - деді М.Әбілқасымова.

Сондай-ақ, ол кем дегенде 5 қоныс аударушыны жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге әр жұмысшы үшін 450 АЕК көлемінде субсидия берілетіндігін атап өтті.

«Бұл тетік елдегі өңірлердің қызығушылығын арттырды. Осыны насихаттап, облыста жүзеге асыру керек. Бұдан бөлек жаңа бизнес-иедяларды іске асыру үшін100 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар ұсыну қарастырылған», - деп атап өтті министр.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Сәкіпкереевтің ақпараты бойынша, қоныс аударушыларды орналастыру картасы жасалған.  Оған 224 елді мекен кірген. Көшіп келушілерге өңірдегі бос жұмыс орындары, мамандықтар анықталған.

«Біздің делегациямыз қазір Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері 18 отбасы қоныс аударды», - деді А. Сәкіпкереев.

Өңірге биыл барлығы 3,4 мың адам келеді. 

Соңғы жаңалықтар