Конституциялық реформа: Қандай өзгерістер енді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қол қою үшін ұсынғаны хабарланған болатын. Өз кезегінде Президент аталған заңды Конституцияда белгіленген құндылықтарға сәйкестігі тұрғысынан қарастыру үшін Конституциялық Кеңеске жолдады.

Еске салсақ, 3 наурызда Парламенті палаталарының бірлескен отырысында аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Осы орайда конституциялық реформа жөніндегі заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін бірлескен комиссия құрылды.

Демалыс күндері Сенат пен Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері, саяси партиялардың фракциялары, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы енгізілген заң жобасын және бірінші оқылым барысында депутаттардың айтқан ұсыныстарын талқылады. Ал 6 наурызда өткен бірлескен отырыста депутаттардың түзетулері мақұлданды.

«Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы 4 және 5 наурыз күндері белсенді жұмыс істеді. Депутаттардан, Парламент Палаталарының тұрақты комитеттерінен, саяси партиялардың фракцияларынан қолданыстағы Конституцияның бірқатар нормаларына барлығы 26 түзету келіп түсті, олардың барлығы Бірлескен комиссияда жан-жақты қаралды. Комиссия өз жұмысының қорытындылары бойынша Парламент Палаталарының бірлескен отырысының қарауына екінші оқылымда 10 түзету енгізу туралы шешім қабылдады. Оның көпшілігін Парламент депутаттары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде жария еткен болатын»,- деді заң жобасын қарау жөніндегі Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы төрағасы, Мәжіліс депутат Нұрлан Әбдіров.

Енді солардың мәніне тоқталып өтетін болсақ, Конституцияның

91-бабының 2-тармағының мынадай редакциясы ұсынылды:

«Конституцияда белгiленген мемлекеттiң Тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды Құрушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесін өзгертуге болмайды».

Өткен аптада Конституцияның 91-бабында Елбасының еңбектері аталып өтуі қажет екені депутаттар тарапынан қолдау тапқан болатын . Жалпы, бұған дейін Қазақстан қоғамының өкілдері Елбасының мемлекетімізді құрудағы ерен еңбегін баянды ету туралы мәселені бірнеше рет көтергені белгілі.

Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы конфессияаралық татулықты ұлтаралық татулықпен қатар, конституциялық құндылық деп тану мақсатында Конституцияның 39-бабының 2-тармағын ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады деген ережемен толықтыруды ұсынғаны белгілі.

Н. Әбдіровтің пайымынша, Қазақстанда діни тағаттылық ерекше маңызға ие болды. Конфессияаралық татулық - қазақстандық мемлекеттіліктің ең жоғары құндылықтарының бірі және сондықтан да ол конституциялық құндылық ретінде бекітілуге тиіс.

Бұдан бөлек, ҚР Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлауды және оны қызметінен босатуды Парламент Сенатының ерекше қарауына жатқызу ұсынылады.

Ал 41-баптың 2-тармағына елдің Президенттігіне кандидаттар үшін жоғары білімнің болуын оларға қойылатын талаптардың бірі ретінде белгілеуге қатысты өзгеріс енгізіледі. Президенттікке кандидаттар үшін жоғары білімнің болуы туралы талап Конституцияның 40-бабында белгіленген мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы ретінде Президенттің мәртебесіне сәйкес келеді. Бұл ретте, Президенттікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды конституциялық заң деңгейінде енгізу мүмкіндігі белгіленеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутаттар Ішкі істер министрін тағайындауды Президенттің құзыретінде қалдыруды сұраған болатын. Бірлескен комиссия талқылауларынан соң бұл мәселеге қатысты тиісті шешім қабылданды.

«Ішкі істер министрлігінің азаматтардың қауіпсіздігін, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызды стратегиялық рөлін ескере отырып, 44-баптың 3) тармақшасында ел Президентінің Ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтаған жөн деп есептейміз. Бұл ретте, ел Президентінің Жоғарғы Бас Қолбасшы болып табылатыны, ал Ішкі істер министрлігінің құрылымына Ұлттық Ұланның кіретіні де ескеріледі»,-деп түсіндірді депутат.

Конституцияның 4-бабының 3-тармағын мынадай редакцияда жазу ұсынылды:  «Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады».

Бірлескен комиссия төрағасының сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен және басқа да елдермен ынтымақтастығы халықаралық шарттар жасау арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. ҚР Конституциясы мен заңнамасы Республика ратификациялаған халықаралық шарттардың заңдар алдындағы басымдығын айқындайды, ал оларды денонсациялау тәртібі ұлттық заңнамамен реттеледі. Кез келген шарт белгілі бір дәрежеде адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын қозғайтынын білеміз, ал құқықтар заңмен ғана шектелуі мүмкін. Осыған байланысты Бірлескен комиссия қабылдаған осы түзету ұсынылды, ол мемлекеттің дербестігін де күшейтеді.

«Конституциялық құрылысты қорғауды, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауды күшейту мақсатында Конституцияның 10-бабының 2-тармағында террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен ғана жол берілетініне қатысты норманы бекіту ұсынылды. «Азаматтықтың болмауын қысқарту туралы» 1961 жылғы 30 тамыздағы БҰҰ Конвенциясының 8-бабына сәйкес, ешбір мемлекет азаматтықтан айыру құқығын жүзеге асыруға тиіс емес, ол тек қана тиісті тұлға үшін соттың немесе өзге де тәуелсіз мекеменің істерді әділ талқылау құқығын көздейтін заңға сәйкес жүзеге асырылады»,-деп тоқталған Әбдіров, Бірлескен комиссия азаматтықтан айыру туралы мәселедегі объективтілік пен әділдік нақ сот шешімімен қамтамасыз етілуге тиіс деп пайымдайтынын жеткізді.

Ал Конституцияның 2-бабының жаңа 3-1-тармағын Астана қаласында конституциялық заңға сәйкес нақ қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгілену мүмкіндігі туралы нормамен толықтыру ұсынылды.

Аталған түзету Конституцияда конституциялық заңмен реттелетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесін бекіту мақсатында жасалып отыр.

Сонымен қатар Бірлескен комиссия Конституцияның 74-бабының 2-тармағын 44-баптың жаңа 10-1) тармақшасының нормаларымен үйлестіруді де ұсынады, онда Президенттің Конституциялық Кеңеске өтініш жасау  өкілеттігі көзделген.  Осыған орай, Конституцияның 74-бабының  2-тармағындағы «нормативтік» деген сөзді алып тастау ескерілген.

Жалпы, депутаттар бірінші оқылымда тұжырымдамалық тұрғыда қолдаған түзетулерге қысқаша тоқталатын болсақ, түзетулердің басым блогы Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қозғайды.  Сонымен қатар жекелеген түзетулер сот пен прокуратураға қатысты.

Өткен аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысында

Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформаларды ескере отырып, Үкімет пен Парламент қандай жағдайда жұмыс істейтіндігін түсіндірген болатын.

«Біріншіден, жаңа заң мемлекеттік істерде Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтеді. Оның ішінде Үкіметті қалыптастыруда өкілеттігі артады. Енді Парламенттің заңнамалық билік болып табылатындығы жазылатын болады, бұрын «заңнамалық қызметтерді жүзеге асырады» деп тұжырымдалған еді. Яғни, ол енді нақтыланды. Үкіметтің дербестігі арта түседі, оған экономиканы тікелей басқару бойынша өкілеттік беріледі»,-деді Назарбаев.

 Сонымен қатар Мемлекет басшысы азаматтарды қорғау бағытында кассациялық сатының соты ретінде Жоғарғы соттың рөлі нығайтылатынын атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар