«Көлеңкедегі» жұмысшылар қалай заңдастырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «көлеңкеде отырған» кәсіпкерлердің үлесі аз емес. Ал олардың қол астындағы жұмысшылар «армиясы» бір миллион адамнан асады екен. Міне, дәл осы топтағыларды «өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер» деп атайды. Олар ресми түрде тіркелмегеннен кейін де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін екі жылға шегеруге тура келген болатын. Себебі осы санаттағы азаматтар жарна төлемесе, медициналық көмекті де ала алмайды. Ал оның өзі үлкен әлеуметтік дүрбелең туғызатыны да анық. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтушылар зейнетақы жарналарын да, әлеуметтік салықтарды да аударып жатқан жоқ. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды «көлеңкеден» шығарудың жолын тапқан сияқты.

Негізі, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің мәселесі кез келген мемлекетте бар. Мәселен, Канада мен АҚШ-та ондай адамдардың үлесі 10 проценттен аспайды. Финляндия, Жапония мен Ұлыбританияда осы санаттағы азаматтардың саны 15 процентті құрап отыр. Ал Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтитындар жұмысқа қабілетті халықтың төрттен бір бөлігін, яғни 25 пайызын алып жатыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Италия мен Кореямен бір деңгейде. Дегенмен, дәл сол дамыған екі мемлекетте өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің көптігіне халық саны, миграция және тағы басқа жайттар себеп болса, Қазақстандағы жағдайға мүлдем басқа факторлар әсер етті. Министр Дүйсенованың айтуынша, біз әлі күнге дейін 90-жылдардың зардабынан құтыла алмай келеміз.

«Біздегі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер - өтпелі кезеңнің «жемісі». 1991-2001 жылдары аралығында кәсіпорындардың жаппай жабылуы мен жұмыс орындарының күрт қысқаруы салдарынан өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің саны 327 мыңнан 2 млн 800 мыңға көбейді. Сонда олардың үлесі бірден 7-8 есеге өсіп кетті. Халықты жұмыспен қамту бойынша қолға алынған бірқатар бағдарламалардың арқасында, жалпы экономикалық жағдайдың жақсаруы аталған процессті тоқтатуға мүмкіндік берді. Соңғы жеті жылдың ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің саны жарты миллионға қысқарды. Осылайша, осы санаттағы жұмысшылардың үлесі 31 проценттен 26 процентке дейін төмендеді», - дейді Тамара Дүйсенова.

Дегенмен, осының өзі тым үлкен көрсеткіш болып тұр. Себебі сол 26 проценттің арғы жағында «көлеңкелі экономика» - табысты жасыру, салық төлемеу және тағы басқа әлеуметтік проблемалар жатыр. Ал, ең бастысы, «көлеңкеде жүрген» жұмысшылар зейнетақы, жәрдемақы сияқты әлеуметтік көмектен қағылып отыр. Болашақта ондай азаматтар кейбір медициналық қызметтерді де ала алмауы әбден мүмкін. Себебі екі жылдан кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі толығымен іске қосылады.

Медициналық сақтандыруды екі жылға кейінге шегерудің негізгі себебі де сол, оны дәл қазір енгізсе, халықтың біраз бөлігі жедел жәрдемнен басқа ешқандай медициналық көмек ала алмай қалады. Сол себепті медициналық сақтандыру қоры құрылса да, оған қыруар қаражат түссе де, аталған бастаманы кейінге шегеруге тура келіп отыр.  Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді анықтау шараларын баяу жүргізгені үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президенттен ескерту алған болатын.  Жолдаудан кейін министрлік басшылығы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан сынды мойындайтынын мәлімдеді. Үкіметтің соңғы отырысында Дүйсенова ханым қол қусырып отырмағанын да жеткізді.

Министрдің сөзіне қарағанда, бас кезінде министрлік барлық ақпараттық базаларды ақтарып, 5,7 млн адамның нақты әлеуметтік мәртебесі жоқ екенін анықтады. Бұл дегеніміз, аталған азаматтар Қазақстанда тұрады, бірақ ресми түрде қызмет етіп жатқан жоқ. Тіпті олар зейнетақы жарналарын төлеп тұратын жұмысшылар қатарынан да, студенттер ішінен де табылмады. Әлеуметтік жәрдемақы алатындардың арасында да жоқ болып шықты. Осыдан кейін «көлеңкеде жүрген» азаматтардың тізімі жергілікті әкімдіктерге жіберілді. Олар үй-үйді аралап, барлығын түгендеп шыққан екен.  

Өткен жылы бес айдың ішінде 5,7 млн адамның кім екені және немен айналысатыны анықталды. Атап айтқанда, 1,5 млн адамның әлеуметтік мәртебесі нақтыланды. 943 мың адам - қайтыс болғандар, шетелге шығып кеткендер және студенттер. Жұмыссыздар мен нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың (ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 28 850 теңгеден аз жалақы алатындар-авт.) саны 1,6 млн-ды құрады. Қалған 1,7 млн адам нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың (ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары алатындар - авт.) қатарында болып шықты. Соның ішінде 1,5 млн адам жалдамалы жұмысшылар болса, 233 мың адам жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүр. Міне, дәл осы кәсіпкерлер бүгінде еш жерде тіркелмеген және миллиондаған адамды жалдап, өзін-өзі жұмыспен қамтуларына жағдай жасап беріп отыр.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, осы уақытқа дейін 54 мың жеке кәсіпкер ресми түрде тіркеліп, салықтарын төлей бастады. Олардың қарамағында жүрген 560 мың жалдамалы жұмысшылар да «көлеңкеден» шықты. Оны зейнетақы қорына аударылатын жарналар да растап отыр.

«Енді, қалған бір миллион адамды рәсімдеу қиынға соғатын сияқты. Оған қазіргі заңнама кедергі болып отыр. Кәсіпкерлер кодексіне сәйкес, биылдан бастап табысы 24 реттік ең төменгі жалақыдан аспайтын жеке кәсіпкерлер үшін тіркелу міндетті емес. Ал жаңағы бір миллион адамның табысы аталған көрсеткішке жетпейді. Сондықтан оларды тіркеу мүмкін болмай отыр», - дейді Тамара Дүйсенова. Осылайша, билік бір жағынан өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің кәсібін заңдастыруға тырысса, екінші жағынан ол адамдардың тіркелмей жүре беруіне жағдай жасап отыр. Соның салдарынан бір миллионнан астам адам жалақыны «конвертпен» алып жүр. Ал олардың жұмысын заңдастыру үшін заңның өзін өзгерту керек.

Алдағы уақытта министрлік өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың құқықтық мәртебесін өзгертуді жоспарлайды. Бұдан бөлек, сауда мен ауыл шаруашылығы саласында арнайы салықтық режимдер енгізіледі. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің тең жартысы дәл сол екі салада еңбек етіп жүр. Бұл ретте жалақысы аз жұмысшылар үшін салықтың көлемі азаяды. Сондай-ақ, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік салықтарды төлемегені үшін айыппұлдарға рақымшылық жасалмақ. Осыған байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Әрине, алдымен «көлеңкеде» қалған 179 мың кәсіпкерді алып шығу қажет. Олар өз кәсіптерін рәсімдесе, жалдамалы жұмысшылардың қызметі де заңдастырылады. Ол үшін Үкімет шағын несиелерді беруді көбейтіп, гранттық қолдауды да жасауға даяр.    

Айтпақшы, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді тіркеу кезінде маңызды бір мәселе анықталды. Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтер базасында көрсетілген адамның саны ресми статистикамен сәйкес келмейді. Тіпті адам саны жағынан ақаулық 1 млн-нан (!) асады. Сондықтан алдағы уақытта ақпараттық базаларды ретке келтірмесе, жыл сайын үй-үйді аралап, адамдардың әлеуметтік мәртебесін үнемі тексеріп отыруға тура келетін тәрізді. Бүгінгідей ақпарат ғасырында бұл тіпті ақылға қонбайтын мәселе. 

Соңғы жаңалықтар