Қолданыстағы Конституцияның 25 бабына 32 түзету енгізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Егеменді елдің көкбайрағын көкке көтерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық дамудың өз жолын таңдап, аз жылдың ішінде экономикасы мығым, халқының бірлігі жарасқан, дүниежүзі таныған мемлекет құра білді.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күннен бастап-ақ, өзін зайырлы әрі құқықтық демократиялық мемлекет екендігін барша әлемге паш етті. Осы орайда, біздің Ата заңымыз, яғни Қазақстан Республикасының Конституциясының маңызды рөлін ерекше айтуымыз керек.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 ж. 30 тамызда Республикалық референдум өткiзу, яғни бүкiл халықтық дауыс беру жолымен қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік билiктiң қайнар көзi - өзiнiң егемендiк құқығын баянды еттi.

ҚР Конституциясының кiрiспесiнде Ата заңды қабылдаудың себептерi мен мақсаттары келесідей мәтінде түсiндiрiлген:

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».

Ата заңның бұл бөлiгi саяси және идеологиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды. Себебі, бұл елімізде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың конституциялық негiзiн қалады. Осыдан келіп, төмендегідей негiзгi мақсат туындайды: өзiнiң ең қымбат қазынасы ретiнде адамды және оның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын айқындап, бекiту; өз елiнде және мемлекеттер арасында азаматтық бейбiтшiлiктi, ынтымақтастық пен тату қарым-қатынас жасау әдiстерiн орнықтыру; байырғы қазақ жерiнде мемлекеттік бiрлiктi сақтау; республиканың тәуелсiздiгiн сақтап, ұстап тұру; Қазақстан Республикасының демократиялық негiздерiнiң мызғымастығын бекiту.

Алайда, заманн үздіксіз өзгеруде. Уақыт талабына сай бүгінгі жаһандық үрдістердің шапшан қарқынмен дамуы Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтырулар мен өзгертулерді қажет етті.

Біздің Елбасы қашан болсын алдымызды болжап өмір сүруді, жаһанның біздің алдымызға тартар сындарына күні бұрын тастүйін әзір тұруды үйретіп келеді. Осы орайда, Елбасы биылғы жылдың 25 қаңтарында Қазақстан халқына мәлімдеме жасап, «заман өзгерді, енді біз де өзгеруге тиістіміз» деп айтқан бірауыз сөзі біздің қазақстандық қоғамның демократиялық дамуының одан әрі тереңдей түсуіне жол ашты.

Мемлекет басшысының ұсынысымен Конституцияға толықтырулар мен өзгертулер енгізу, яғни, конституциялық реформа жасау қажет болды. Бұл реформа барысында, яғни, қаңтар айының 26-сы мен ақпан айының 26-сы аралығында тура бір ай бүкілхалықтық талқылау жүрді.

Нәтижесінде Мемлекет басшысы Парламентке Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізуді көздеген Заң жобасын ұсынды.

Естеріңізде болса, Парламент депутаттары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде біршама ұсыныстарды жария еткен болатын.

Сонымен, 6 наурызда Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын екінші оқылымда қабылдады.

Жалпы қазіргі кезде Парламент колданыстағы Конституцияның 25 бабына 32 түзету енгізуді көздейтін Заң қабылдады және оны Мемлекет басшысына қол қою үшін ұсынды.

Қазіргі кезде аталған Заң жобасын Мемлекет басшысы Конституцияның 72- бабына сәйкес Конституциялық Кеңестің қарауына жіберді.

Соңғы жаңалықтар