Көкшетауда «Жұлдызай-2017» облыстық фестивалі өтуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Жұлдызай-2017» облыстық фестивалі өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауға бұл жолы облыстың әр өңірінен келген мүмкіндігі шектеулі 200-ге жуық жас дарын қатысып, бақ сынауда. Алты аталым бойынша өтетін байқаудың қорытындысына сай таңдаулылар ағымдағы жылдың бірінші маусымында Алматы қаласындағы Республика сарайында ұйымдастырылатын гала-концертке қатысатын болады.

Байқау қатысушыларының барлығы дерлік аймақтағы жалпы және орта арнайы мектептерде оқитын тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық даму деңгейі тежелген, есту және көру қабілеттерінен айырылған мүгедек балалар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль мүмкіндігі шектеулі балалардың іште бұғып жатқан қарым-қабілеттерін ашып, әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ, аталған шара мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының және қоғамдық бірлестіктердің балалар шығармашылығына бей-жай қарамауына жағдай туғызу үшін жасалынып отырған көрінеді.

Еске сала кетейік, 11 жылдық тарихы бар «Жұлдызай» фестиваліне Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлығы 30 000 бала қатысқан. Оның ішінде 7000 бала Астана саханаларында өнер көрсетті. Жоба нәтижесіне сай көптеген балалар еліміздің жоғары оқу орындарында шығармашылықтарын жалғастырды.

Соңғы жаңалықтар