Көкшетауда 45 пəтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Тәуелсіздік күніне орай Көкшетауда жаңадан салынған 45 пəтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарайлады ҚазАқпарат тілшісі.

Бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы Тəуелсіздік мерекесі жаңа пәтерлерге қоныстанған ақмолалық тұрғындар үшін ерекше есте қалатын болды. Шараға қатысқан аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қуаныш иелерін құттықтап, жаңа пәтердің кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.

null 

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі нақты айтылып, тапсырма берілген болатын. Осы бағытта қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар облыс аумағында байыптылықпен жүзеге асырылып, көптеген тұрғындар пәтерлі болып, қуанышқа кенелуде. Бүгінгі беріліп отырған жаңа баспаналар соның айқын көрінісі. Бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретін боламыз»,- деді өз сөзінде облыс әкімі.

Бұл жолы 45 пəтерлі тұрғын үйден баспаналы болғандардың көбі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысына 219,3 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оған «Бәйтерек» Development» акционерлік қоғамы инвестиция салып, құрылыс жұмыстарын «Строй Тех ІС» серіктестігі жүргізген. Бір подъезді тұрғын үй бір бөлмелі он сегіз пәтер, екі бөлмелі он пәтер және үш бөлмелі он жеті пәтерден тұрады. Тұрғындардың жүріп тұруы үшін лифті де орнатылған. Ғимараттың маңына асфальт төселген. Жазға қарай абаттандыру жоспарда бар. Баспаналы болғандардың арасында Әкімбаевтар отбасы үш бөлмелі жаңа пәтерін ұзақ жыл бойы күткен екен. Отағасы Амангелді қиындықтарды артқа тастап, жақсылыққа қадам бастық деп отыр.

null 

«Менің бүгінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2001 жылдан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысымын. Отбасымда 4 адам бар. Осыған дейін пәтер жалдап келдім. Енді ештеңеге алаңдамай, үш бөлмелі жаңа пәтерімде отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында баспаналы болудың мәні өте зор. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана - 2020» және «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалардың мен сияқты қарапайым халыққа берері мол екеніне көзім жетті», - деді жаңа пәтер иесі Амангелді Әкімбаев.

Осы орайда, бір айта кетерлігі биылғы жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақмола облысы бойынша барлығы 300 пәтер пайдалануға берілген екен. Дәл қазірдің өзінде Көкшетау қаласында көппәтерлі бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

null 

Соңғы жаңалықтар