Кепілсіз несие алушы нені білу керек - Қазақстан банктеріне шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні бүгін айлығы шайлығынан аспайтын жұрт көлденең қажеттілік шығып, қаржы қол байлағанда бірден банкті бетке алатыны белгілі. Қиыны сол, есеп-қисапқа ебі жоқ ел «берсе болды» дегенді ғана ойлайды. Сосын менмұндалаған банктердің артық-кем айла-шарғысын ажыратпастан, бас салып, бергенін ала салуға құмар. Сөйтіп, сұраулы соманы төлеген кезде ғана есебін елекке салып, қайтарымының қымбатқа түсіп жатқанын байқайды. Осылай бармағын тістеп, сан соғып жүрген адам аз емес. «ҚазАқпарат» агенттінінің тілшісі қарапайым халық біле жүрсе деген ниетпен еліміздегі ірі банктерді жіпке тізіп, несие жүйесіне сараптама жүргізген еді.

Сонымен, жұртқа қызмет көрсететін екінші деңгейлі банк атаулыда екі түрлі несие бар: кепілді және кепілсіз. Кепілді несие дегеніңіз - белгілі бір жылжымайтын һәм жылжымалы мүлікті (үй, пәтер, автокөлік) кепілге қойып, қарызға ақша алу. Ипотека да осы санатқа жатады. Біздің бүгін сөз етпегіміз - кепілсіз несие. Бір жақсысы оны кез келген қаржы ұйымы береді. Қазақстан банктері беретін кепілсіз несиенің максималды мөлшері мен мерзімін кестеде көрсеттік. Егжей-тегжейлі ескерту төменде.

 

Кепілсіз несие қалай беріледі?

 

Банктер

Берілетін соманың максималды мөлшері (теңге)

Пайыздық мөлшерлемесі

Берілетін мерзімі

Байланыс (ұялы телефоннан қоңырау шалу тегін)

Ескерту

Еуразиялық банк

5 млн

12-38 %

4 жыл

7722

 

Сбербанк

5 млн

18 %

4 жыл

5030

 

Bank RBK

2 млн

22-26 %

3 жыл

7888

 

Казкоммерцбанк

6 млн

15-16%

5 жыл

7111

 

АТФ банк

5 млн

16%

3 жыл

2424

 

Нұрбанк

5 млн

24%

5 жыл

2552

 

Kaspi Bank

1 млн

20,99%

4 жыл

9999

 

ForteBank

5 млн

---

5 жыл

7575

Бұл жалақыны  осы банктен алатындар үшін.Жалақысын басқа банктен алатындар үшін тек 3 млн теңге беріледі.

Банк ЦентрКредит

2-4 млн

21-31 %

4 жыл

505

Бұл жалақыны осы банктен алатындар үшін. Жалақысын басқа банктен алатындар үшін тек 2 млн теңге беріледі.

Қазақстан Халық Банкі

5 млн

20 %

4 жылға дейін

8 8000 8000 59

Бұл жалақыны  Халық банктен алатындар үшін. Жалақысын басқа банктен алатындарға 24 пайызбен тек 500 мың теңге беріледі және алушының жасы 25-ке толған болуы керек.

 

Әлбетте банк біткен миллиондаған соманы елдің бәріне бірдей бермейтіні тағы анық. Біз білген есеп бойынша қолға алатын айлығыңыз 140 мың болса кез келген банктен шамамен 2 млн, 160-170 мың болса 3 млн ресімдеуге мүмкіндігіңіз бар. Ал 5 миллион алу үшін еңбекақыңыз 250 мыңнан жоғары болуы шарт. Әдетте несиенің айлық төлемі еңбекақыңыздың тең жартысын құрайды.

Бұл банктердің барлығының дерлік талаптары мен шарттары ұқсас, беретін сомалары да шамалас. Арасында тек Kaspi Bank несиені қолма-қол ресімдеп, ақшаны 30 минутта алақаныңызға салады. Басқасы өтінімді 2-3 күн қарайды.

Ай сайынғы табысын растамаған адамдар үшін екі банк кепілсіз несие береді. Бірі - Банк ЦентрКредит, екіншісі - Kaspi Bank. Ресми түрде жұмыс істемейтін кез келген адам аталған екі банктен де 300 мың теңге ресімдей алады. Тек Банк ЦентрКредиттің пайыздық үстемесі төменірек болатынын ескеру керек.

Ендігі сұрақ - қарапайым халық нені білуі керек? Қаржылық сауаты төмен азаматтар банкке ұтылмауы үшін қандай мәселені қаперде ұстағаны абзал?

 

1-ескерту. Бұны қатаң есте ұстаңыз! Белгілі бір мерзімге несие алғанда қарызға алған ақшаңыздың үстінен төлейтін төлемін (үстеме - переплата) міндетті түрде есептетіп алыңыз. Шынында бұл пайыздық мөлшерлемеден де маңызды. Себебі бәзбір банктердің пайызы төмен болғанымен, сіз бен біз білмейтін «жасырын» комиссиялары мен көрінбейтін шығындарын тықпалап, ақыры банкке құятын қаражатыңыз одан екі есе асып түседі. «Жұмыртқадан жүн қырқатын» қаржы ұйымдарының есептен ешқашан ұтылмайтынын ұмытпаңыз. Ең дұрысы - әр банктің үстемесін саусақтап тұрып санап, неғұрлым төменін таңдау.

2-ескерту. Кез келген банкке өтінім бере барғанда алған қарызды мерзімінен бұрын өтеу шарттарын тәптіштеп сұрау керек. Себебі бірде-екілі банкте алған қарызды алты айға дейін немесе бір жылға дейін мерзімінен бұрын жабуға болмайтыны туралы талап бар. Не болмаса мерзімінен ерте жапсаңыз, сақтандыру сомасын мойынға ілуі мүмкін. Мәселен былтырға дейін Еуразиялық банкте алған қарызды алты айға дейін мерзімінен бұрын жабуға болмайтын. Ал қазір бұл талапты алып тастағанымен, сақтандыру сомасын төлетеді.

3-ескерту. Несие алуға ниеттенсеңіз, ең алдымен, өзіңіз жалақы алатын банкке барыңыз. Себебі әр банк өз тұтынушысына жеңілдік жасайды. Оған дәлел жоғарыда айтқан Қазақстан Халық Банкі. Өз клиенттеріне бес млн берсе, өзгелерге бес жүз-ақ мың береді. Банк ЦентрКредит пен Сбербанкте де жалақыны өзінен алатын клиенттер үшін 1% жеңілдік бар. Әрі кез келген банк клиентінің еңбекақы есебі «көз алдында» болғандықтан қарызды да көбірек беруі бек мүмкін.  

4-ескерту. Лажы болса жаңадан ашылып жатқан немесе ашылғанына көп бола қоймаған банктерге жоламаған абзал. Мұндай қаржы ұйымдары клиенттерді тарту үшін небір көз арбаушы жеңілдіктер ұсынады. Мысал үшін сіздің жаңа жұмыс орнындағы еңбек өтіліңіз бен жалақыңыз жетпесе де, тіпті еш жерде тұрақты жұмыс істемейтін болсаңыз да, талапқа сай келмейтін анау-мынау кемшілігіңізге көз жұмып, сұраған сомаңызды тықпалауы мүмкін. Расымен жүйкеңізді жұқартпайды, көп құжат сұрамай-ақ, артық сұрақ қоймай-ақ қолма-қол ресімдеп, ақшаны шытырлата санап береді.  Есесіне екі-үш есе үстеме мойныңызға ілінеді. Алғанға мәз болмаңыз, өйткені оңбай тұтылуыңыз әбден мүмкін.

5-ескерту. Кестеде көрсетілген банктердің біразы несие ресімдеудің екі жолын ұсынады: комиссиямен және комиссиясыз. Біріншісінде банк несие бергені үшін ресімдеген соманың 5 пайызын ұстап қалады. Мәселен сіз Банк ЦентрКредиттен 3 жылға 3 млн теңге алмақсыз делік. Егер комиссиясын ұстап қалсын десеңіз қолыңызға шамамен 2 850 мың теңге тиеді. Есесіне несиені 21 пайызбен аласыз. Ал егер 3 миллионды қолыңызға тұтас аламын десеңіз 31 пайызбен береді. Яғни үш жылда төлейтін пайыздық үстеме анағұрлым жоғары болады деген сөз. Түсінікті тілмен айтқанда кез келген банк жаңағы 5 пайызды не бірден ұстайды, не несиені төлейтін мерзімде екі-үш есе артығымен өндіріп алады. Сондықтан қашанда қаперіңізде болсын, несие алғанда комиссиясымен ресімдеңіз. Бірнеше есе артық төлегенше, алатын сомаңызға қарай бес пайызын бірден ұстап қалғаны жақсы.

6-ескерту. Жоғарыда көрсетілген банктердің пайыздық мөлшерлемелері сіздің несие тарихыңызға, алатын сомаңыз бен берілетін мерзіміне қарай, яғни, әр адамның жағдайына қарай әр түрлі есептеледі. Сенімді клиент болсаңыз  жеңілдіктер де көбейе бермек. 

P.S: Тәмам банктің жедел желісін текке жазбадық. Әр банкті аралап жүруге уақытыңыз болмаса, ұтылмас үшін ұялыңыздан тегін қоңырау шалып, операторларынан кеңес алыңыз. Жеке деректеріңізді айтсаңыз сізге қанша сома берілетінін, мерзімі мен үстемесін, ай сайынғы төлемін екі тілде түсіндіріп береді. Тіпті сайттары арқылы өтінім қалдырып, ақшаны бір-екі күннен кейін алып кетуге де болады. 

Соңғы жаңалықтар