Қазталов ауданында сегіз жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылды - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты - «техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз ету» аясында биыл Қазталов ауданында 210 адамды оқыту жоспарланса, 1 қазанға дейін 213 адам қысқа мерзімді оқуға жолданды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Абат Шыныбеков мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, сондай-ақ бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты аясында «Бастау бизнес» жобасы бойынша 128 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып, сертификаттарын алды. 39 адам 166,9 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізді.

Осы бағдарламаның 3-бағыты аясында жастар тәжірибесіне 86 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына 59 адам жолданды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында 10 жоба бойынша 246 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті жерден 58 адам жұмыспен қамтылды.

Биылғы тоғыз айда экономиканың барлық салаларында 762 жұмыс орны ашылды.

Жұмыспен қамту қызметі арқылы 488 адам  жұмысқа орналасып, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 88 адамға көбейіп отыр.

Айта кетейік, 2016 жылғы аудан бюджеті 5 млрд 949 млн теңге болса, биыл 7 млрд 242 млн теңгеге жетіп, өткен жылғыдан 21,7 пайызға өсіп отыр. Соның ішінде ауданның өз кірісі есебінде 773 млн теңге түсім түсіп, ол 103,5 пайызға орындалды.

Негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі сегіз айда 3 088,3 млн теңгені (2016 жылғы сол мерзімде - 2 025,7 млн теңге) құрады. 

Соңғы жаңалықтар