Қазір қоғамда алаяқтар көбейіп кетті - тергеуші Алтынай Жолымбекова

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Алтынай Жолымбекова бүгінде меншікке қарсы аса ауыр қылмыстарды қарайды. Үш баланың анасы қоғамды алаяқтық қылмыстарының белең алып отырғанына алаңдаулы.

Өткен жылы облыстық прокуратураның алдында өзін өзі өртеп жіберген кәсіпкер Нұркен Айнабековтің ісін де тергеген А. Жолымбекова болатын. Тергеуші жуырда ұйымдасқан қылмыстық топтың ісін қарау барысында олардың тек ақша бопсалау, дүние мүлкін тартып алу емес, тіпті адам өлтіруге қатысты екенін анықтаған еді.

ҚазАқпарат тілшісі полиция күніне орай тергеуші Алтынай Жолымбекованы әңгімеге тартқан болатын.

- Алтынай Махамбетқұлқызы,  жалпы  тергеуші мамандығы әйел адамға ауыр тимей ме, қалай ойлайсыз?

- Иә, расында тергеушінің өмірі қиын деп те айтуға болады. Әр істің ауыртпалығы бар, іс-құжаттар, қағаздарды толтырып үлгеру керек, арыздар қарайсың, түнгі кезекшілікке түсесің дегендей. Соның арасында үш перзентті өмірге әкелдім, олардың тәрбиесіне сабағына қарап үлгеруің керек.

- Алғашқы тергеген ісіңіз жайлы айтып өтсеңіз ...

- 2010 жылы тергеу бөліміне келгенімде ең алғаш қараған ісім кісі өлімі болды. Кісі өлген жерге бардым. Барсам, қаладағы дәмханалардың бірінде ер азаматты бірнеше жерінен пышақтап, өлтіріп тастапты. Кейіннен қашып кеткен. Оқиға орнына келгенімде өлген адамның жатқан жерін қоршап тастаған, иттер жүр. Аң-таңмын. Сараптамалар тағайындау керек болды. Көмекке облыстық ішкі істер департаментінен тергеуші келіп, бағыт-бағдар берді. Ертесіне жұмысқа келсем, басқа тергеушілер «Алтынай, сен бұл істі бізге бере сал, саған ауыр болады» деп еді көнбедім. Мен айтамын «Жоқ, ешкімге бермеймін» деп өзім кірісіп кеттім. Содан бастап тергеудің қыр-сырын үйреніп, тағайындалатын сараптаманың түр-түрін тани бастадым. Қаза тапқан ер адамның үйіне барса, кішкентай бес қызы бар екен. Әкесі жалғыз асыраушылары болған. Соларды көріп, жүрегім қатты ауырды. Осыдан қылмыскерді тауып, қамау керек деген ойға келдім. Оның арасында күнделікті орын алған қылмыстарды ашуың керек, күн-түн демей жұмыс істеп жүріп, кісі өлтірген қылмыскерді таптық. Сот болып, ол тиісті жазасын алды.
null 

- Сіз тергеген істердің ішінде өзін өзі өртеген кәсіпкер Нұркен Айнабековтің да ісі болды. Бұл істі алып жүру сізге ауыр болмады ма? Өйткені ол өзіне өзі қол жұмсағанда тергеушілер мені осы дәрежеге жеткізді деп айыптаған болатын.

- Кәсіпкер Нұркен Айнабеков бастапқыда бізге жәбірленуші ретінде арызданып келді. Ол өз арызында бұрынғы шенеунік Жамбыл Байғоновтың 25 млн теңгесін алып қойғанын көрсеткен. Біз тиісті тергеу шараларын жүргізіп, ол ақшасын өндіріп бердік. Кейін анықтай келе, кәсіпкердің өзі алаяқ екені белгілі болды. Оның үстінен төрт бірдей қылмыстық іс қозғалды. Осы кезде ол жағдайы тығырыққа тірелгенін біліп, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Сөйтіп бізді жұртқа қараламақ болды. Ол аздай, келесі күні прокуратураның алдына барып өзін өртеп жіберді. Осы кезде мен өте ауыр күндерді өткіздім. Жаппай қызметтік тексеру шаралары жүргізілді. Сол күндері бала-шағам да «анашым, енді сізге не болады» деп қатты уайымдағаны бар. Барлық тергеу жұмыстарымды тексеріп, ақырында менің ешбір қателік жібермегенім дәлелденді. Осылайша, адал еңбегімнің арқасында мен өзімнің ақ екенімді дәлелдеп шықтым.

- Қазір негізінен алаяқтыққа қатысты істерді көп қараймын деп қалдыңыз. Жалпы, шамадан тыс көп жәбірленушілердің алданған жағдайлары болды ма?

- Иә, болды. Мен ол кезде Абай аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейтінмін. Біздің полиция бөліміне 4-5 әйел (олардың ішінде зейнет жасындағы әжелеріміз де бар) арызданып келді. Олардың айтуынша, екі әйел оларды алдап соққан. Яғни, дөңгелек заттың бетінде тасбақаның суреті бар бір бұйымды 50-100 мың теңгеден сатқан. Осы затты алғандардың жолы жүріп, мол табысқа кенеледі деп сендіріпті. Алаяқтарға сенгендер кейбірі біреуден алса, кейбірі 7-8 данадан сатып алған ғой. Сұрастыра келе жәбірленушілердің саны 30 адамға жетті. Болмаған соң мен жаңағы алаяқ әйелдердің үстінен қылмыстық іс қозғадым. Сол кезде мені прокурор шақырып алып, «Сен не істеп отырсың, ертеңгі күні ол әйелдердің  алаяқ екенін дәлелдей аласың ба?» деп сұрады. Мен «дәлелдеймін» деп жауап бердім. Келген соң жаңағы затқа тауар танушылық сараптама тағайындап, мамандарға жібердім. Сөйтсем, олар сол затты өзің тауып кел, қайда сатады, қанша тұратынын біліп кел деді. Содан мен жаныма учаскелік полицейді ертіп алып, бүкіл дүкендерді, косметика сататын фирмаларды қарап шықтым. Жоқ, табылмайды. Кешке таман бір желілік косметика сататын дүкеннен жаңағы зат табылды. Ол қарапайым сөмкені үстелге ілетін брелок болып шықты. Бағасы 900 теңге тұрады екен. Оны сараптама мамандарына апарып, ақыры қылмыстық істі соңына дейін жеткіздім. Алаяқтықпен жұртты алдап соққан әйелдерді Астана қаласы мен Семей облысынан таптық, олардың  бас-аяғы 56 адамнан ақша алғаны дәлелденді. Күдіктілердің үйін тінту барысында «Азбука мошенника» деген кітап та табылды. Кейіннен ол әйелдер барлық жәбірленушілердің шығынын толықтай өтеп, олардан кешірім алып, істері сотта қаралды.

- Қазір сіздің тәжірибеңізде алаяқтықтың тағы қандай түрлері кездесіп отыр?

- Алаяқтық туралы істерде небір құйтырқы әрекеттерге көз жеткізесің. Бізге бес адам арыз жазып келді. Олардың сөзінше, бір таныстары банктен жеңілдетілген пайызбен несие алып беремін деп барлық құжаттарын, қомақты көлемде ақшаларын алып кеткен. Содан кейін жоқ болып кетіпті. Тергеу шаралары барысында ол адамның фотороботын жасап, кім екенін анықтадық. Мекенжайы да табылды. Онымен хабарласып, полиция бөліміне шақырттық. Келмейді. Болмаған соң, сотталасың деп қорқытып, әйтеуір келді. Жауап алу барысында алданған адамдардың құжаттары ауылдағы үйінде деп көрсетті. Ертесіне қаладан шалғай жатқан Монтайтас ауылына бардық. Барсақ, құжаттарды бір қапқа салып, пештің түбіне көміп қойыпты. Ішін ашып қарасақ, бес адам емес, отыздан астам азаматтың құжаттары жатыр. Араларында банк қызметкерлері де бар. Барлығын да алдап, соғып әбден сорлатқан екен. Кейіннен барлығын шақыртып, құжаттарын қайтардық. Олардың қуанғанын көрсеңіз ғой. Кейбірі, құжатын да, ақшасын да қайтара алмаймын деп күдерін үзген екен. Ұсталған күдікті жәбірленушілердің барлық шығындарын қайтарды. Сөйтіп халықтың алғысын алды. «Рахмет» деп шын көңілмен айтқандарының өзі не тұрады.

Сондай-ақ «тендер алып беремін» деп қаладағы бір жоғары оқу орны ректорының шаруашылық жөніндегі орынбасары інісі екеуі сотталып кетті. Олар «сол оқу орнынан жатақхана салынады, тендер ойнатылады»  деп он шақты адамнан 10 млн теңгеден алған. Алаяқтық жасағандардың арасында лауазымды қызмет атқарған азаматтар да кездеседі. Оларды көргенде, осындай азаматтарды қалай алдауға барады деген ойға келесің. Біздің қазақ сенгіштеу ғой. Мысалы қиналып жүрген адамға алаяқ келіп алдаса, соған сене салады. Қолындағысын бере салады. Бірақ мен негізінен алаяқтарды ұстағанда, жәбірленушілердің ақшасын қайтарып беру керек деп айтамын. Өйткені, алданған адамдар несиеге қарызға кіріп кеткен, біреулері ажырасып, тентіреп кеткен. Соларды қатты аяйсың. Ал, сол алаяқтарды ұстап, қамасаң туыстары босатшы деп келеді. Оларға түсіндіріп, босатуға болмайды, қылмысы ауыр деп түсінідіріп жібереміз. Содан кейін ондай адамдарға басқа алаяқтар кездеседі. Яғни, ол тергеушіні танимын, не болмаса бастығын танимын деп сеніміне кіріп, ақшасын қағып кетеді. Өздері кімнен көмек сұрарларын білмей жүргендер тағы сондайларға ұрынып жатады. Былайша айтқанда, аляқтықтың түрі көбейіп кеткен.

Тағы бір мысал, адамдарға ақша керек болғанда кепілге үйін қоямын деп  ломбардқа барады. Ондағылар 20 млн теңге тұратын үйін кепілге алып, 5 млн теңге береді. Қосымша қажет болып қалар деп, сату-сатып алу келісім шартын жасай салады. Адамдар үйінен айырылып қалатынын білмей, қол қоя салады. Кейіннен ақшасын төлей алмай, үйінен айырылып қалып жатқандар көп. Былай қарағанда бәрі заңды болғанымен, таза алаяқтық қылмысы болып тұр. Ондай кездерде де дәлелдеу қиын болса да, істі сотқа дейін жеткіземіз. 

- Қылмыстық істерді қарау барысында қандай қиындықтар кездесіп жатады?

- Істі қарағанда негізінен біздің халықтың мың танысы болады ғой, содан іс тоқтап қалмаса екен, сотқа дейін жетсе екен деп іштей уайымдайсың. Қазір мысалы, бізде желілік маркетинг дейміз ғой, пирамида, сондай алаяқтық істер көп. Мәселен, қазір менің қолымда бір іс бар, Өзбекстан Республикасынан келген әйел қызы екеуі көп адамды алдаған. Олар адамдарға «бастапқыда 150 мың кассаға апарып төлейсің, ол қағазды тіркеп қоямын, артынша ай сайын  1,5 млн теңге, екінші айда 3 млн теңгеден алып отырасың» деп алдап, халықтың сеніміне кіріп отырған. Алайда, ол адамдарды бір-біріне тіркемей, барлығын өздерінің атына тіркеп тастаған. Өзі қыруар қаражат алып отыр. Оның ісін үш тергеуші жүргізіп, ақыры іс маған өтті. Танысып қарасам, таза аляқтық. Себебі, олар негізінен заңдылық сауаты жоқ, ауылдың адамдарын шақырып отырған. Қазір осы іспен айналысып жатырмын. Оған жауап алуға барсам, «мен ешкімнен қолма қол ақша алған жоқпын» дейді. Базадан анықтап қарасақ, ол әйел Өзбекстанда да осындай алаяқтықпен айналысқаны үшін түрмеге отырып келген екен. Ал, жәбірленушілерге хабарлассам, олар жылап отыр. Күйіп отырмыз, ұстатпайды дейді. Осындай кездерде қарапайым адамдарға қатты жаным ашиды. Солардың алданған ақшаларын қайтарып берсем екен деп іштей ойлап жүремін. Ал, қайтарып, істі сотқа өткізгенде үстімнен жүк түскендей болады.

- Әңгімеңізге рахмет! 

Соңғы жаңалықтар