Қазақтың рухын көрсетіп, көтеретін ескерткіштер көп болуы керек - мүсінші Дулат Үсембаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2017 жылдың 31 мамыр күні Қарасай батыр және Наурызбай батыр көшелері қиылысындағы, Кеңес өкіметі кезінде ішкі істер және қауіпсіздік органы (НКВД-КГБ) ғимараты орналасқан маңдағы саябақта ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылған болатын. Ескерткешті Қанат Бигулиев, Айдос Бүркітбаев пен Дулат Үсембаев сомдаған. Байқауға түскен 21 жобаның ішінен туындылары іріктеліп алынған шеберлердің бүгінгі күні мәдениет саласында өз қолтаңбасы білініп, есімдері әйгіленіп келеді.

Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін еске салатын бұл туынды қазақ тарихын танытқаны сөзсіз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек. Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткіземіз» деген болатын. Осы орайда, аталған мүсіншілердің бірі Дулат Үсембаевты қазақ мәдениетін шет елде қалай танытамыз деген тақырыпта әңгімеге тартып көрген едік.

null

- Дулат мырза, «Ашаршылық» тақырыбында мүсін жасау қиын болған жоқ па?

- Ескерткішті қойғаннан кейін үлкен кісілер немерелері мен балаларын алып келіп, ашаршылық туралы айтып жатқанын көрдік. Бұған іштей риза болдық. Ұлтын сүйетін әрбір азамат бұл тарихи оқиғаны білуге, есте сақтауға міндетті. «Ашаршылық құрбандары» тақырыбына мүсін қоюға конкурс жарияланғаны туралы «Ана тілі» газетінен құлақтандыруды оқығаннан кейін, біз Айдос Бүркітбаев, Қанат Бегулиев үшеуіміз конкурсқа қатысуға бел будық. Ұзақ іздендік, сол кезеңнің тарихын бейнелейтін кітаптарды, мақалаларды оқыдық, кейбір көнекөз қарттармен әңгімелестік. Образдың айқын да мазмұнды шығуына күш салдық. Ескерткіштің бірнеше нұсқалары жасалды. Үшеуіміз ақылдаса келе «Ана мен бала» тақырыбындағы жұмысты бәйгеге қосқан орынды деп шештік. Себебі, ана - адам баласына өмір сыйлаушы. Бала - өмірдің жалғасы, болашақ. Бұл - ескірмейтін, өлмейтін тақырып. Үмітіміз ақталды, конкурсқа түскен 21 шығармашылық жұмыстың ішінен қазылар алқасы біздің жұмысты таңдапты, Астанада Мемлекеттік комиссия бекітті.

- Осы мүсін арқылы қазақтың ең ауыр кезеңін бейнеледіңіздер. Осы тарихи тақырыпта тағы идеяларыңыз бар ма?

- Әрине, тарихи тақырыпта жұмыс істеу үшін сол тарихты терең білуің керек, ұлтыңды шын жүрегіңмен сүю қажет. Ең бастысы - ел алдындағы жауапкершілік. Туынды болашақ ұрпақты тәрбиелеуге қызмет етсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Қала әкімшілігі мүсіннің дайындалуын қадағалап отырды. Кейбір ұсыныстарды мұқият ескердік. Ескерткіштің ашылу салтанатына халық көп жиналды, жылы қабылдады. Жалпы, тәуелсіз Қазақстан тарихи жаңғыру кезеңін бастан кешіп отыр. Алашорданың құрылғанына 100 жыл толды. Осы тақырыпты жарқырата көрсетуге бірқатар идеяларымыз бар. Оның бәрі уақыттың еншісіндегі дүниелер. Қолдаушы табылса, бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз.

null

- Қазақ мәдениетін танытумен қатар, қазақтың өнері мен  тарихын да танытатынымыз сөзсіз. Бұл таныту мәселесі жеткілікті деңгейде болып жатыр ма?

- Мен жақында Украинаға барып келдім. Олардың алаңдарындағы монументтерін көрдім, ескерткіштерімен таныстым. Мемлекетінің тарихын, салтын, болмысын сол ескерткіш арқылы таныдым десе болады. Сондай туындылар бізде жетіспейді. Біздің тарихымыз бар, түркі әлемінен бастап, тін тартқанда небір тұлғалар бар. Бізде рухты көтеретін монументтер аз. Сондай, монументтер көп болса деймін. Туристер келгенде бірден көзге түсетін болса. Тарихымызды танытатын монументтер көп болса екен. Біз жасаған мүсіннің биіктігі 3,70 метр. Қола мен граниттен бір жарым айдың ішінде жасап шықтық.

Бұл тақырып тәуелсіздіктің арқасында ашылып отырғанын тағы бір айта кетейік. Өздеріңіз білесіздер, елімізде 1918-1933 жылдары арасында Қазақстанда әртүрлі деректермен үш милиионнан астам адам қаза тапқан екен. Оның ішінде 1931-1933 жылдары 1 миллион 700 мыңға жуық адам шәйіт болды.

null

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар