Қазақтелеком мен Kcell келісімшарты тариф құнына қалай әсер етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Қазақтелеком" АҚ бас қаржы директоры Асхат Өзбеков "Kcell" ұялы байланыс операторының 75% акциясын сатып алу бойынша компания ұстанымын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бұл келісімшарт бойынша жақын арада барлық аргументтерді келтіреміз. Біз бәсекелестікті шектегелі жатқан жоқпыз. Ұлттық оператор болғандықтан, ең алдымен мемлекеттің мүддесін алға қоямыз", - деді Асхат Өзбеков "Атамекен" ҰКП алаңында өткен дөңгелек үстелде.

Жиын барысында "Қазақтелеком" АҚ заң бойынша консультанты Владимир Попов аталған келісімшарт бәсекелестікке нұқсан келтіреді деп қауіп білдірген Beeline компаниясындағы әріптестеріне жауап берді. Оның айтуынша, "Kcell" АҚ-мен келісімшарт бекіткен соң, "Қазақтелекомның" тұтас нарыққа билік жүргізуі жөніндегі қауесет жөнсіз. Тарифтер де өзгеріске ұшырай қоймайды.   

"Қазақтелеком" қандай жағдайлар орын алса да, стандартты динамикадағы тарифтерді өсіруді жоспарлап отырған жоқ. Бәлкім, жаңа технологияларды енгізумен байланысты бүкіләлемдік үрдістер орын алуы мүмкін. Бірақ, бұл - барлық операторларды қамтитын болашақтың мәселесі", - деп атап өтті Владимир Попов.

Аталған мәселе бойынша "Билайн Қазақстан" компаниясының бас атқарушы директоры Александр Комаровтың да айтары бар. 

«Егер бұл келісімшарт бекітілсе, нарықтың монополиялану қаупі ұлғаяды. Себебі, алда инфляциямен, девальвациямен не жағдай боларын ешкім білмейді. Бұған жай ғана факті ретінде қарамау керек. Тарифтер өзгермейді деп айтуға болмайды. Тарифтер келісімшарттан тыс та өзгеруі мүмкін. Егер бұл келісімшартқа рұқсат берілсе, мемлекет барлық күш бір жерге шоғырланған үлкен нарық жасайды. Онда абоненттердің 65%-ті, табыстың да 65%-тен астамы "Қазақтелекомның" қол астына өтеді", - деді А. Комаров журналистерге берген сұхбатында.

Оның пікірінше, бұл келісімшартты бекіту үшін қыруар қаржы керек.

«Бұл орасан зор қаржыландыруды кері қайтару үшін нарықтан ақша табу қажет. Операторлар арасындағы өзара ықпалдастық нарығы бар, b2b - бизнеске бизнес нарығы бар және тұтынушылар нарығы бар. Қарызды тезірек қайтарып, қалыпты жұмысқа көшу үшін бар амалдар жасалады, тарифтер қымбаттауы мүмкін", - деп өз сөзін толықтырды "Билайн Қазақстан" компаниясының өкілі.

Соңғы жаңалықтар