Қазақстанның саяси жаңғыруы конституциялық реформа арқылы нақты жүзеге асатын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді». Конституцияға билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы өзгерістерге бастама жасаған Үндеуінде Елбасы осылай деп еді.

Бұл реформаның алғашқы қадамы өз мәресіне жетті. Нақтысын айтқанда, мәресіне жеткен жоқ, негізгі жұмыс аяқталды. Президенттің бастамасымен құрылған Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобы бір айға жуық жұртшылықтан түскен ұсыныстарды саралап, Парламенттің алдына заң жобасын ұсынған болатын. Парламент екі оқылымда талқылағаннан  соң ««Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданған еді. Конституцияның 72-бабына сәйкес, Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған заңды мемлекеттің қызмет қағидаттары мен басқару нысанына негізделген, Конституцияда белгіленген құндылықтарға сәйкестігі тұрғысынан қарастыру үшін Конституциялық Кеңеске өтініш білдірді. Конституциялық Кеңес сәйкестікті растағаннан соң, бүгін Мемлекет басшысы құжатқа қол қойды.  

6 мыңға тарта ұсыныс түсіп, 10 мыңнан астам шараға 2 млн-нан астам адам қатысты

Конституциялық реформаның биылғы жылдың ғана емес тұтастай тарихымыздың тағдырлы сәті деуге келеді. Өйткені мемлекет үлкен өзгерістерге бет бұрғанда ғана Негізгі Заңға осындай өзгерістер енгізетіні белгілі. Тұтастай алғанда, конституциялық реформаның өзегі ашық талқыланды. Жұртшылық араласып, әрбір адамның ұсыныс беруіне құқықтар қамтамасыз етілді. Нәтижесінде Парламентке сараланған ұсыныстарды қамтыған сапалы құжат келіп түсті. Халықтан 6 мыңға тарта ұсыныс келіп түсті. Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында конституциялық реформаның қоғамды біріктіре түсуге бағытталғанын ерекше атап өтті. Ең бастысы, қоғамның басым бөлігі қарсылық танытқан 26-бап бұрынғы редакцияда қалатын болды. Ал реформалар өзегіне келсек, Президенттің айтуынша, бұл - елді саяси жаңғыртудың жекелеген кезеңдерімен тікелей сабақтас.

«Біріншіден, жаңа заң Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтеді. Екіншіден, экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілетін Үкіметтің дербестігі артады. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылады. Заңдардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланады. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығая түседі. Бесіншіден, Тәуелсіздігіміздің, біртұтастығымыздың, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конституциялық деңгейде берілетін кепілдік бекемдене түседі», - деді Елбасы. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы президенттік басқару нысанының сақталатынын, мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасау мақсатымен жүргізіліп жатқан реформалар бағытының өзгермейтінін мәлімдеді.

Тұтастай алғанда, мемлекеттік басқару жүйесінде орын алатын өзгерістер қоғамды демократияландырудың маңызды бөлігі болып табылады. Сондықтан да заң жобасын талқылауға барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, ғылыми және шығармашылық ұйымдар, қоғам белсенділері, қарапайым халық өкілдері атсалысқан. Қоғамдық саяси ортада 2 мыңнан астам, ғылыми-шығармашылық ортада 50-ден астам республикалық деңгейдегі басқосу өтіпті. Конституциялық реформаларға қатысты өңірлерде 10 мыңға тарта шара өткізілсе, оған 2 миллионнан астам адам қатысқан.

«Кейбір баптар азаматтардың төтенше назарын аударып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз бар. Бұл пікірлер елімізде әлі де түйіні тарқамаған түйткілдер бар екенін айқын көрсетті. Ұсыныстардың көпшілігі топтастырылып, Конституция үшін керек баптары қабылданды және көп ұсыныстар заңдарға өзгеріс жасау мәселесіне қатысты болады», - деді Елбасы.

Айтпақшы, ұсыныстардың арасында Конституцияны жалпыхалықтық референдумға салу туралы да ойлар айтылған Президент бұған да тоқталып, не себепті Парламентке сенім артқанын түсіндірді.

«Мемлекеттік басқарудың, адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі басымдықтары өзгермейтіндіктен, көп шығынмен референдум өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан мен заң жобасын халық сайлаған депутаттық корпустың қарауына ұсынуды жөн санадым. Депутаттық корпус бұл жұмысты ойдағыдай атқарады деп сенеміз. Баршамыздың мақсатымыз бір - мемлекеттік басқару жүйесін бұдан да тиімді әрі тұрақты ету»,- деді Н.Назарбаев.

Парламент күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артады

Жалпы алғанда билік өкілеттіктерін бөлуге бағытталған конституциялық реформа Үкіметтің жұмысын неғұрлым тиімді, жауапты әрі жедел ету және анық президенттік басқару нысаны мен президенттік билік вертикалін сақтай отырып, Парламенттің бақылау функцияларын күшейтуді көздеген еді. Өзгерістер негізгі бес блокты қамтыды. Атап айтқанда, түзетулердің бір парасы Парламеттің рөлін күшейтуді қарастырады. Мәжілістің Үкіметті жасақтаудағы пәрмені артып, Үкімет пен оның мүшелерінің қызметін бақылауда өкілеттігі кеңейеді. Бұл ретте Премьер-Министр Мәжіліспен кеңескеннен кейін Мемлекет басшысына Үкімет мүшелігіне үміткерлер туралы ұсынысты енгізеді. Тек Сыртқы істер министрі мен Қорғаныс министрін ғана Мәжіліссіз Президенттің өзі тағайындайды.

Конституцияның 49-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламент - заң шығару функцияларын ғана емес, Конституцияның 3-бабы негізінде заң шығару билігін жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Сондықтан да Негізгі Заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес, халық пен мемлекеттің атынан билік жүргізу құқығы Президентке, сондай-ақ конституциялық өкілеттіктері шегінде республика Парламентіне тиесілі. Бұдан бөлек, Парламенттің жаңа құрамы сайланса, Үкімет құрамы да қайтадан жасақталады. Яғни, Үкімет өз өкілеттігін жаңадан сайланған Парламенттің алдында тапсырады. Сосын Парламенттің әрбір палатасы қандай да бір министрдің жұмысына қанағаттанбаса, Президенттің атына үндеу жолдау арқылы министрді жұмыстан босата алады.

Ал еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары бойынша Үкіметтің жауапкершілігі күшейеді. Бұл ретте Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды өзі әзірлеп, оны іс жүзіне асыруға да толықтай жауапты болады.

«Үкімет өзге инстанцияларға жауапкершілік жүгін арта алмайды. Себебі, атқарушы билік өзі әзірлеген стратегиялық құжаттарға қатысты жауапкершілікті де өз мойнына алуға тиіс. Бұл Үкіметтің жауапкершілігін жоғарылатып қана қоймай, оның жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді», - дейді жұмыс тобының жетекшісі ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков.

Түйіндей айтқанда, бұған дейін Президент құзырында болған мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтылатын барлық органдарды қаржыландырудың және олардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктер Үкіметке беріледі. Бұл міндетті Үкімет Мемлекет басшысымен келісіп шешеді. Сондай-ақ, Үкімет өз актілеріне өзі толық жауапты болады.

Бұдан басқа, Президенттің қорғаныс қабілеттілігі, ішкі саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тармақтарының тиімді жұмысы мен олардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі құзыреті сақталды. Тұтастай алғанда, түзетулер сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету міндетін шешеді.

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Елбасы ұсынған конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді.

«Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа пәрменді тетігі пайда болды. Негізгі Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары танылып қана қоймай, оларға кепілдік беріледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті оған кепіл болып табылады. Мемлекет конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдай отырып, оны жүзеге асырудың құқықтық, ең алдымен, конституциялық тетіктерін белгілейді. Мәселен, Мемлекет басшысы осыларды қорғау мүддесінде Конституциялық кеңеске қолданыстағы және қабылданған заңдардың, сондай-ақ өзге де құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жүгіне алады. Осындай конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар мен құқықтық актілердің сапасына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Ал бұл болса, Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі нығаюына ықпал ететін болады»,-деді Н. Әбдіров.

Тұтастай алғанда реформаның негізгі жұмысы жасалды. Ендігі міндет, Ата заңда көрініс тапқан осы ниетті мемлекеттік деңгейде сапалы атқару.

Соңғы жаңалықтар