Қазақстанның киелі орындары: Жайық қалашығы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанның киелі орындарының қатарына енгізілген Жайық қалашығы қазіргі Орал қаласының түпатасы болып саналады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

2001 жылы БҚО тарих және археология орталығының (директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов) ғалымдары алматылық әріптестерінің көмегімен Орал қаласынан он екі шақырымдай жерден қалашық тапты. Содан бері жүргізіліп келе жатқан археологиялық зерттеулер Жайық қалашығы деп аталған қаланың ХІІІ-ХІV ғасырларға жататындығын көрсетеді.

Бұған дейінгі ортағасырлық авторлардың деректері, сондай-ақ Жайықтағы қалалар туралы жазған ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ғалымдардың қорытындылары шындық болып шықты. Археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Ғаяз Қошаевтың Оралдың орнында ежелгі қала болғандығы туралы пікірі нақты дәлелденді.

Содан кейін Батыс Қазақстан облысы аумағынан тағы екі қала табылды, бірі Жаңақала ауданындағы «Өзен» қалашығы, екіншісі Қазталов ауданында, бұлар да ХІІІ-ХІV ғасырларға жатады.

Қазба жұмыстары Жайық қалашығында қала сәулеті мен мәдениеті жоғары болғанын көрсетті. Мысалы, қалашықтағы үйлер мен кесенелер күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш шығаратын арнайы пеш те болған. Шығыс моншасының өзі бір бөлек дүние. Жалпы құрылыс іздері анық байқалатын алаң көлемі 8 гектардай.

Археологиялық зерттеулер барысында металл бұйымдары мен керамика, әшекейленген тақтатас қалдықтары, әйнек моншақ, жануар сүйектері және екі мыс ақша табылды. Бұл ақшаның бірінде жазу іздері сақталған. Онда «Сарайда соғылған 737» деген жазу бар. Яғни 737 хижра жылы ( біздіңше 1336-1337 жылдар ). Мұның Алтын Орданы 1313-1339 жылдары билеген Өзбек  ханның тұсында шығарылғаны еш дау туғызбайды.

Жайық қалашығындағыдай,  монша Шығыста әлі күнге сақталса, кірпіш күйдіру пеші Еділ мен Жайық бойындағы Алтын Орда қалаларына Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстаннан әкелінсе керек.

Алтын Орда дәуірінде мұндай пештер Хорезмде, ежелгі Отырар және Күйріктөбе қалашығында белгілі болған.

Жайық қалашығы бейітіндегі екі кесенеде де мүрденің басы солтүстік-батысқа қаратылып, киімі, жеке заттарымен бірге ағаш табытта жерленген - бұл рәсім мұсылмандықты қабылдаған көшпелілерге тән.

Еділ бойы қалалары мен Жайық қалашығы үйлерінің жоспарын, техникалық әдістерін салыстыра келгенде, Жайық өзені бойындағы құрылыс мәдениетіне Хорезм мен Сырдария дәстүрі көбірек әсер еткенін байқау қиын емес. Жайық қалашығындағы тұрғын үйлер пішіні ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Үргеніш, Отырар, Түркістан үйлерімен сәйкес келеді. Айырмасы тек ішіндегі бірқатар бөліктерде, жылыту жүйесі, құрылыс техникасы мен материалында ғана.

Археологиялық зерттеулер Жайық қалашығының Алтын Орда дәуіріндегі дамыған қала қалдығы екенін көрсетеді.

ХІІІ ғасыр аяғы мен ХІV ғасырдың басын Алтын Орда тарихын зерттеушілер қала мәдениетінің тұрақты гүлдену дәуірі деп есептейді. Шапқыншылық кезінде бүлінген бірқатар сауда-экономикалық орталықтар қалпына келтіріліп, ондаған жаңа қалалар мен ірі қоныстар пайда болды. Бұл негізінен Өзбек және Жәнібек хандардың ( 1312-1357 жылдар ) билеу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Алтын Орда дәуірі Еділ мен Днестрде, Жайық бойында жаңа қоныс-қалалардың көбеюіне қолайлы әсер етті. Бұған Оралдың арғы атасы - Жайық қалашығы мысал бола алады.
null 

Орал қаласының қазіргі аумағында қазба жұмыстары жүргізілген кезде Жайық қалашығы мен оның кесенесіндегідей шаршы кірпіштер бірнеше рет ұшырасты. Мұның себебі, осы өңірге кейін келген казактар өз құрылысы үшін Жайық қалашығының кірпіштерін пайдаланып, оны түгел қиратты. Соның салдарынан ұзақ уақыт бойы өлкенің шын тарихы жабулы қалды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру көзделуде. Мұндағы басты мақсат - тарихи және мәдени мұраны зерттеу, сақтау әрі пайдалану. Екіншіден, бұл өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға септеседі. Тарих ғылымы мен археологияның қазіргі деңгейі мұндай теңдессіз мұраны көпшіліктің игілігіне айналдыруға мүмкіндік береді. Ашық аспан астындағы музей мәдени-білім және ақпараттық жұмысты тұрақты жүргізіп, ғылыми институт ретінде қызмет атқаратын болады. Жоба аясында осы жерге тиіп тұрған Жайық өзенінің арнасы табиғи-экологиялық жағынан зерттеліп, оны қорғау аясы кеңейтіледі. Мұнда мәдени-ойын-сауық инфрақұрылым базасын жасақтауға да болады.

Музей халықтың ұлттық сана-сезімін көтеріп, мақтанышының артуына септесіп қана қоймай, әлем жұртшылығының да назарын аударатыны анық. Музей аумағына Жайық қалашығында орын тепкен археология, сәулет және этнография ескерткіштері кіреді.
null 

Жоба аясында Алтын Орда кезеңіндегі бірегей кесенелер, кірпіш күйдіретін пештер, тұрғын үйлер мен қоғамдық моншаны қалпына келтіруге болады. Этнопаркта сол кезеңдегі адамдардың сыртқы түрі, бет-пішіні, тұрмысы мен киімдері көрініс тапса, әкімшілік-ғылыми кешеннен қалпына келтіру және басқа зертханалар, музей жәдігерлерін тұрақты зерттеп, толықтыратын шеберханалар орын тебер еді.

Қазіргі заманғы құрылыс технологиясына сәйкес жүргізілетін музей  үшін 300 гектар көлемінде жер бөлінді. Бұл жобаны Қазақстан Республикасы ҰҒА археология институтымен және Татарстан Ғылым академиясы археология институтымен бірлесіп жүзеге асыру көзделуде. Татарстанда күллі әлемге белгілі Бұлғар қаласынан ашық аспан астындағы музей жасалғаны мәлім. Жайық қалашығын да осындай мәдени және ғылыми орталыққа айналдыруға болады.
null 

Соңғы жаңалықтар