Қазақстанның 8 облысында су тасқынына қарсы шаралар жүріп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы шаралар жалғасуда, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖ Комитетінің баспасөз қызметі.

Республиканың 8 өңірінде ТЖ Комитеті бөлімшелерінің, жергілікті атқару органдарының, ұлттық гвардияның, жергілікті полиция қызметінің жеке құрамынан 1 186 адам, 276 техника, 21 су сору құрылғысы және 20 жүзу құралы жұмылдырылды.

Ақмола облысының Целиноград ауданында суды сорғыту, судың арғы бетінде қалып қойған  халықты өткізу және оларға азық-түлік өнімдерін жеткізу, қаптарды дайындау жұмыстары жалғасын табуда. Зеренді, Есіл және Жарқайың аудандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Есіл ауданының Знаменка ауылында жергілікті атқару органдары халыққа ауыз су тасып жатыр. 

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Тепличное, Заречное ауылдарында және Заречное кентінде құтқарушылар халықты, азық-түлік өнімдерін, малға арналған жемді тасымалдап жатыр. Медициналық көмек көрсету, инертті материалы бар қаптар төсеу, бөгеттерді нығайту және Есіл өзеніндегі су деңгейін бақылау жұмыстары жүргізілуде.

Алматы облысында апаттық-құтқару жұмыстары, Қырғауылды өзенінің арнасын тазарту, жағасын нығайту, ағып келген су деңгейін бақылау жұмыстары жүріп жатыр.

Қостанай облысы Қарасу ауданының Жамбыл кентінде құтқарушылар мен жергілікті атқару органдары еріген қар суын сорғыту және оларды бұру жұмыстары тоқтаған жоқ. Автожолдарда қалпына келтіру жұмыстар жүргізілуде, кезекшілік ұйымдастырылуда.

Қарағанды облысында жергілікті полиция қызметі су ағынынан бүлінген автожолдарға бекеттер қойып, қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастырды.

Ақтөбе облысының жергілікті полиция қызметі бақша ұжымдарын патрульдеу және қоғамдық тәртіпті сақтауды жалғастыруда.

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауылында құтқарушылар жер асты суларын сорғытып жатыр.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері қосымша 46 958 метр уақытша бөгет тұрғызылды, инертті материалы бар 251 919 қап толтырылып, төселді, 1 597 765,5 текше метр су сорылды.

Соңғы жаңалықтар