Қазақстандық туристерге Еуропада А гепатиті өршіп тұрғаны ескертілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті туристерді еуропалық елдерде А гепатитіне шалдығу деңгейі өскендігі туралы ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемдік БАҚ мәліметтеріне қарағанда, 2016 жылдың ақпанынан бері еуропалық өңірдің елдерінде А гепатитіне шалдығудың эпидемиялық өсімі байқалуда. Ауру жұқтырғандардың жалпы саны 330 адамнан асты. Осы орайда індет туралы жағдайлар 13 елде тіркелді, яғни Австрия, Бельгия, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Италия, Ирландия, Голландия, Португалия, Испания, Швеция және Ұлыбритания мемлекеттері осы тізімде бар.

Гепатиттің таралуына байланысты еуропалық мамандар індет ошағын ауыздықтау мен жою шараларына кірісті. Бұл бағытта тәуекелді топтарды вакциналау мен санитарлық-ағартушылық жұмыстары ескерілген.

Гепатит (сары ауру) - бауырды зақымдайтын вирустық инфекция. А гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлікті, таза емес суды тұтынғанда немесе індетке шалдыққан адамнан да жұғады.

Атап айтқанда, қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті Қазақстан азаматтарына саяхат кезінде гигиеналық ережені сақтауға шақыруда.

Соңғы жаңалықтар