Қазақстандық телесериалдар Оңтүстік-Шығыс Азияда танымал

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық телесериалдар Оңтүстік-Шығыс Азияда танымалдылыққа ие болды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев ҚР Парламенті Сенатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шын мәнінде, мемлекеттік және жеке телеарналардағы бағдарламалар мен сериалдардың сапасы едәуір жақсарып келеді. Мұндағы маңызды көрсеткіштердің бірі - қазақстандық контентті шетелдік телерадиокомпаниялар сатып ала бастады. Атап айтқанда, Оңтүстік-Шығыс Азияда прайм-тайм уақытына «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Әке» сериалы қойылған, Қытай халықтық телевидениесінде, Малайзияда, Сингапурде және Индонезияда қазақстандық сериалдар көрсетіледі. Бұл отандық телевизиялық өнімді қазақстандық көрермендер ғана емес, шетелдіктердің де бағалай бастады деген сөз. Бұл үлкен аудитория және шетелде көрсету құқығын сату арқылы ел бюджетіне қосымша табыс түседі», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында.

Отырыс барысында «Ақпарат және коммуникациялар бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауда.

Еске сала кетсек, заң жобасының негізгі бағыты БАҚ-тың дамуына сапалы заңнамалық негіз қалыптастыру болатын. Атап айтқанда, әкімшілік жүктемені төмендету мен санкциялармен қамтамасыз етуді жүйелеу мақсатында болмашы құқықбұзушылықтар үшін тиражды тәркілеу мен БАҚ қызметін уақытша тоқтату жазаларын алып тастау жоспарлануда.

БАҚ-ты жалған ақпарат тарату жауапкершілігінен босату негіздемелерінің тізімі кеңейтіледі. БАҚ үшін азамат келісімі қажет етілмейтін жағдайлар анықталды - мәселен жаппай мәдени, спорттық-бұқаралық және өзге де қоғамдық жиындарда азаматтың фотосуретін жариялауда және т.б.

Қазақстандық контентті әрі қарай дамыту аясында мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы қоғамдық көрсетілімдерде тек қана отандық телеарналарды көрсету жоспарлануда. Заң жобасында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын табысты жүзеге асыруға және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жобалау, құру және талдау процестерін жетілдіруге бағытталған нормалар ұсынылды.

Одан бөлек, ұялы байланыс операторларына радиожиілік спектрлерін бірлесіп қолдану құқығын беру арқылы байланыс қызметінің сапасын арттыру да көзделіп отыр.

Талқылаудан кейін комитет заң жобасын палатаның пленарлық отырысына енгізу туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар