Қазақстандық ғалымдар бабалар ізімен сапарға аттанады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 4 мамырында танымал қазақстандық саяхатшы Сапар Ысқақов жетекшілік ететін «Бабалар ізімен» атты ғылыми экспедиция жолға шығады.

Олар ежелгі ғұндар, түріктер, қыпшақтардың ізі қалған әлемнің 15 еліне барады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

65 күнге созылатын бұл сапарда экспедиция тобы Қазақстан, Ресей Федерациясы (Кабардино-Балқар Республикасы, Қарашай-Шеркеш Республикасы, Дағыстан Республикасы), Әзербайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдова, Словения, Беларусь, Литва, Польша, Германия, Франция, Венгрия, Италия, Ватикан жерлерін аралайды және арғы ата-бабаларымыздың ежелден қазіргі заманға дейінгі көші-қон жағдайымен танысып, ДНҚ зерттеулер жүргізеді. 

«Біз ата-бабамыздың тұлпарының дүбірі жеткен жерлерді аралауды көздеп отырмыз. Бұл аумақ батыста Атлант теңізіне дейін созылса, шығыста Үндістан, солтүстікте Ресей аумағын қамтиды», - деді экспедиция жетекшісі, С.Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қордың Астана қаласы филиалының президенті, Халықаралық туризм және спорт академиясының академигі Сапар Ысқақов.

Саяхатшы аталған 15 мемлекеттегі зерттеу жұмыстарының қалай жүретінін айтып берді. «Біз олардың ғалымдарымен кездесіп, жергілікті тұрғындармен әңгімелесеміз. Олардан ДНҚ сынамасын алып, тарихи материалдарды зерттейміз», - деді ол.

Экспедиция аяқталған соң, ғылыми топ мүшелері деректі фильм топтамасын жарыққа шығарады. Онда бабаларымыз болған аймақтар мен мәдени- архитектуралық ескерткіштер және белгілі тарихшылар мен зерттеушілердің сұхбаттары көрсетіледі. Сонымен бірге, экспедицияда халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу, оларды «Astana EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне шақыру, сол арқылы халықаралық аренада еліміздің имиджін көтеру көзделген.

Сапар барысы туралы «Хабар 24» арнасында және экспедицияның Фейсбук парақшасында күнделікті хабарланып отырады.

Соңғы жаңалықтар