Қазақстандық биотехнологтар үздік технологияларын таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Ұлттық биотехнологиялық орталығының мамандары сәндік және денсаулық саласында ашқан жаңалықтары мен жасаған коммерциялық өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Атап айтқанда, орталықтың мамандары фибробласттардың қолданылуына негізделген SPRS-терапия, тромбоциттік плазмалар арқылы адам терісінің жазылуына арналған PRP-терапия, инновациялық тұрғыда жасушалық жасарту әдісі, денсаулықтың генетикалық құжаты секілді заманның озық технологияларын паш етті. Мамандардың айтуынша, жасушалық технологияларды жасаудың эстетикалық медицинада сұранысы зор. Ол қазіргі медицинада ота жасаудың алдын алады.

Медицинадағы тағы бір жетістіктің бірі - денсаулықтың медициналық құжаты болып отыр. Жеке генетикалық құжатта клиенттің сараптамаларға негізделген денсаулық жағдайы туралы ақпарат сақталады. Мұндай құжаттың болуы адамдардың салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі ауруларды алғашқы сатысында емдеуге мүмкіндік бермек.

«Егер өз елімізде мүмкіндік болса, неліктен басқа мемлекетке барып ол қызметті немесе өнімді ақылы түрде алуымыз керек. Бүгінгі күні біз бұл стереотипті бұзып, Қазақстанда да үздік технологиялар бар екенін дәлелдегіміз келеді. Мәселен, бір ғана косметология саласында біз шетелдік препараттарды қолдануды дәстүрге айналдырғанымыз да шындық. Ал бүгінгі таңда біздің ғылым бұл салада бірқатар жетістіктерге жеткенін атап өту керек. Біздің косметологтар отандық ғалымдардың қолынан шыққан ең үздік технологиялар арқылы косметология өнімдерін шығарып жатыр», - дейді Ұлттық биотехнология орталығының директоры Ерлан Раманқұлов.

Соңғы жаңалықтар