Қазақстанда жер қойнауын пайдаланудың жаңа тәртібі қарастырылып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексі жобасының таныстырылымы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кодекс жобасын таныстырған ҚР Инвестициялар және даму Бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев атап өткендей, қазіргі уақытта өндіру қарқыны минералды-шикізат қорының орнын толтыру қарқынынан озық келеді. 

«Қазақстанда геологиялық барлауға құйылатын инвестиция көлемінің аздығы байқалуда. Қазіргі кезде орташа 1 шаршы метр аумаққа  шамамен 7 доллардан келеді. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-та - 87, Австралияда - 167, Канадада - 203 долларға жетеді. Геологиялық барлауға келетін инвестициялардың  деңгейі төмен болғандықтан, жаңа кен орындарын ашу кешеуілдеуде. Еліміздің экономикасын тұрақты дамыту үшін минералды-шикізат базаларының орнын толтыруды қамтамасыз ету қажет, қосымша жұмыс орындарын ашу, жаңа кен орындарын ашу және жеке аумақтарды дамыту басты назарда болуы тиіс», - деді Алик Айдарбаев.

Белгілі болғандай, Кодекс жобасы жер қойнауын пайдалануда экологиялық және өнеркәсіп қауіпсіздіктері бойынша талаптарды күшейтуді көздейді.

Оның айтуынша, жобада «бірінші келді -бірінші алады» принципіне ауысу көзделген. Осы принцип шеңберінде барлық пайдалы қазбалар түрлері бойынша жер қойнауы учаскелерін тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін Қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензиялар және бағдарламалар енгізіледі.

«Өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруде австралиялық үлгіге өту ұсынылады. Кен орындары үшін өндіру мерзімі ұзарту мүмкіндігін қосқанда 25 жылды құрайды», - деп атап өтті бірінші вице-министр.

 Айдарбаевтың сөзіне қарағанда, ғылыми зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындар, кадрларды оқыту, белгіленген жалдамалық ақыны төлеу, белгіленген минималды шығындарды орындау үшін жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелері бекітіледі.

Жер қойнауын пайдалану саласында иеліктен шығару немесе бақылауды ауыстыруға қатысты рұқсат беру тәртібі сақталады.

Соңғы жаңалықтар