ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Отандық ғалымдар 1000 градус температураға төзімді беймата жасап шығарды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Кеше Алматыда «Ғылымға инвестиция жұмсау - ғылыми қамтымды экономиканың драйвері» деген тақырыппен «Инвестициялық көпір: Ғылым және бизнес» атты Халықаралық диалог алаңының екінші отырысы болып өтті. Аталмыш форум аясында ғалымдар инвесторларға өздерінің 30 инновациялық жобасын таныстырды. Осыған орай ұйымдастырылған арнайы көрме барысында таяуда ғана елімізде тұңғыш рет 300 градустық температураға дейін төтеп беретін отқа төзімді беймата, мамандардың және бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Осыған байланысты форум аясында ҚазАқпарат тілшісі осы жобаның авторы және жетекшісі Алматы технологиялық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Раушан Жылысбаевадан сұхбат алған болатын.

- Раушан Оразқызы, осындай ерекше материалды жасау идеясы қалай туды?

- Мен ширек ғасырдан бері металлургия саласында арнайы киімдер дайындау ісімен айналысып келемін. Кезінде жүн талшықтарынан жасалған, ыстыққа төзімді жаңа материалдар әзірледік. Кейін, уақыт өте келе тәжірибенің арқасында білімімізді жетілдіре түскен соң, өрт сөндіру саласына қажетті арнайы киімдер әзірлеу ісіне кірістік. Содан міне тамаша нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.

- Бұл бейматаны жасап шығаруға қанша уақыт және қанша қаржы жұмсалды?

- Екі жылға жуық уақыт жұмсадық. Маған әрі шәкіртім әрі докторантым Әсем Таласбаева көмектесті. Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяның Донгук университетінің белгілі ғалымдары атсалысты. Кейін өзіміздің университеттің базасында әзірленген бейматаны осы оңтүстіккореялық университеттің зертханасында термоманекенге кигізіп сынақтан өткіздік. Ол арнайы киімдердің астары ретінде 1000 градусқа дейінгі температураға, ал тікелей өртегенде 3 минут бойы Цельсий бойынша 300 градустық температураға төтеп берді және қалыбын сақтады!

- Мұндай матаны енді нақты қандай мақсаттарға пайдалануға болады?

- Өрт сөндіру саласында арнайы киімдердің астыңғы төсемі, яғни астары ретінде, металлургия саласында тікелей өзін арнайы киім ретінде пайдалануға болады. Оған қоса, машина жасау саласында да қолдану мүмкіндіктері зор.

- Бұл әзірлемелеріңіз патенттелген бе?

- Иә, әрине патентін алдық.

- Беймата қандай шикізаттардан жасалған?

- Бұл тоқылып жасалмаған соң, беймата деп аталады ғой. Яғни былайша киізге ұқсайды. Оған белгілі бір шамада үй жануарларының, яғни қой, ешкі, түйе жүндері және мета-арамид синтетикалық талшығы пайдаланылады. Егер жүнмен мета-арамидті жәй ғана араластырып, киіз секілді басып шығарсаңыз одан түк шықпайды. Бұл жерде басты құпия - оның ерекше қабаттылығында! Яғни, жүн мен синтетикалық талшықтар белгілі бір мөлшерде, үйлесімді түрде қабатталып төселеді. Содан жылылықты өткізбейтін кедергі қалыптасады. Жалпы қалыңдығы қолдану аясына қарай 1 сантиметрден 3 сантиметрге дейін болады.

- Раушан Оразқызы, бұл өнертабыстарыңызды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетіне құлаққағыс еттіңіздер ме?

- Иә, хабарладық. Тіпті аталмыш комитеттің арнайы зертханасында сынақтан өткізіп үлгердік. Мамандар оң бағасын берді. Енді тапсырыстар түсер деген үміттеміз. Бұл бейматаның өндірісін жолға қою үшін алғашқы уақытта кем дегенде 50 мың АҚШ доллары қажет.

- Ал бізде бүгінгі таңда өрт сөндіру саласында арнайы киімдер қайдан алынады?

- Дайын күйінде Ресейден сатып алынады.

- Сонда сіздердің дайындаған арнайы киімдеріңіздің отқа едәуір төзімділігімен қоса басқа қандай артықшылықтары бар?

- Едәуір арзан! Егер біздің киімдердің бағасы 45 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін баратын болса, ресейлік арнайы киімдердің бағасы қолданыс аясына қарай 70 мың теңгеге дейін барады. Өйткені, бізде пайдаланылатын шикізат арзан. Бұған екінші сұрыпты жүндер де қолданыла беріледі. Өкінішке қарай қазіргі таңда малдың жүні мен терісі көп жағдайда кәдеге аспай жатыр. Ал ресейлік киімдерде астардың орнына резеңке қосылған арнайы маталар пайдаланылады. Оның үстіне қазіргі қолданыстағы арнайы киімдердің салмағы 4,5-5 келіге дейін баратын болса, біздің киімнің салмағы 3,5 келі. Өйткені жүн талшықтары ауа өткізгіш. Сондықтан жеңіл болады. Ал бұл, өрт сөндірушіге тез және ширақ қимылдауға, шаршамауға, адамдарды тез құтқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда жасалған өнімдердің саны мен сапасын арттыруға қатысты үндеуіне біз де атсалыссақ дейміз. Бүкіл әлем бойынша сұранысқа ие болып отырған өзімізідң отандық өнімімізді шығарғымыз келеді.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар