Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері бойынша жобалар жүзеге аспақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен ҚР Энергетика министрлігі, қаржы институттары мен инвесторлар арасында жаңартылатын энергия көздері саласында бірқатар маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Еуропаның Қайта құру және даму банкі арасында жаңартылатын энергия көздерін қолдануды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық мен қолдау көрсету туралы меморандумға қол жеткізілді. Еуропалық банк Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін қолдану жобаларына 200 млн АҚШ долларын бөлуді жоспарлауда және қосымша 480 млн доллар инвестицияны өзге xалықаралық қаржы ұйымдарынан тартпақ. Нәтижесінде Қазақстанда 500 МВт жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын қаржыландыру көздеуде.

"Бүгін жаңартылатын энергия көздерімен байланысты маңызды келісімдерге қол қойылды. Үкімет пен Энергетика министрлігі жыл бойы осы бағытта қызу жұмыс істеді. Еуропалық банк аталмыш келісімнің негізінде жаһандық климаттық қордың есебінен Қазақстанда күн және жел стансаларын салуға 200 млн доллар қаражат құяды. Сонымен қатар 480 млн долларды өзге де қаржы институттарынан тартуға болады. Соның нәтижесінде 680 млн доллар бөлініп, 2-3 жылда, 2020 жылға дейін Қазақстанда 500 мегаватт күн және жел қуаттарды енгізуге болады", - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев тілшілерге берген сұxбатында.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі ENI  және General Electric сынды әлемдік компаниялармен ықпалдастықты тереңдететін келісімге қол жеткізді.

"Астана ЕХРО-2017" жел электрстансасын салу жобасын қаржыландыру үшін "ЦАТЭК Green Energy", Қазақстан даму банкі мен "БРК-Лизинг" АҚ арасында келісім жасалды.

United Greenи мен "Байқоңыр Солар" компаниялары Еуропаның Қайта құру және даму банкімен Қызылорда облысында қуаты 50 МВт болатын күн электрстансасын салу жөнінде келісімге келді.

"Біз бүгін біз жалпы қуаты 700 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің жобалары бойынша меморандумдарға қол қойдық. Қазақстанда соңғы жылдары 300 МВт қуаты бар жобалар пайдалануға берілді. Соңғы бір жылда - 150 МВт. Біз 2020 жылы Қазақстанда өндірілетін энергияның 3%-і жаңартылатын энергия көздерінен алынуына қол жеткізіп, бұл келісімдерді жүзеге асыруымыз керек. Ол межені Мемлекет басшысы бізге "жасыл" экономиканы дамыту тұжырымдамасында қойған болатын", - деді Қ.Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар