Қазақстанда жаңа қоғамдық институт - Татуласу орталықтары ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Жоғарғы Соттың «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деген жобасының аясында ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Ж. Асанов пен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б. Әбдірайым «Өзара ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың басшылығымен бүгіндері жеті ірі жоба әзірленуде. Соның бірі - Татуласу орталықтары. Бұл жаңа жобаның басты мақсаты - тараптарды бітімге келтіру. Өз сөзінде Ж. Асанов оның екі жолы барын атап өтті. Біріншісі, дауларды сотқа жеткізбей шешу, екіншісі, сотта шешу. Сондықтан бүгінгі меморандум дауларды сотқа дейін, сотқа жеткізбей шешуге арналған.

Ірі жоба бойынша алғашқы іскерлік қадам жасалды. «Бір ойшыл айтқандай, «мың шақырымдық жол бірінші қадамнан басталады». Бүгінгі меморандаум сондай бірінші қадам, үлкен және нәтижелі, иігілікті істің басы», деді Жақып Қажыманұлы.

Ал Бақытжан Жарылқасынұлы өз сөзін «Бұл бастама - үлкен философияға айналады. Бұл - үлкен ұғым. Даусыз алаң - даусыз аймаққа айналайын деп отыр. Бітімгершілік - ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Сондықтан 2 млн-ға жуық мүшесі бар Кәсіподақтар федерациясы атынан бұл бастамаға қолдау білдіремін. Татуластыру орталықтарын жаңа қоғамдық институтқа айналдырамыз деп сенемін», - деп түйіндеді.

Ж. Асановтың айтуынша, жаңа жоба Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сай қолға алынған. Өңірлерде алғаш болып осы бастаманы іске асыруға Қызылорда облыстық әкімдігі қолдау көрсетті. Алдағы уақытта Татуласу орталықтарын еліміздің облыс орталықтарында, Семей мен Жезқазғанда ашу жоспарланған. Мұндай орталықтар халыққа қызмет етіп, қоғамдағы дауларды шешуге көмектесетін болады.

Нұрлан ҚАЛҚА

Фото: zavarnik.biz

Соңғы жаңалықтар