Қазақстанда түзету мектептері құны 627 млн теңге болатын жабдықтармен қамтылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда түзету мектептері құны 627 млн теңге болатын жабдықтармен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 



Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстандағы 100 түзету мектебін арнайы техникалық және дамытуға арналған құралдармен жабдықтау жобасының қорытындысын жасау мақсатында ұйымдастырылған семинар-кеңес барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мекемелер «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Менің елім» әлеуметтік инвестицияларды дамыту бағдарламасының аясында жабдықталды.

Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептер байқау негізінде австриялық спорт құралдарымен, ал музыкалық мектептер музыкалық құралдармен және аспаптармен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ түзету мектептері арнайы кабинеттерге қажетті түзету құралдарымен жабдықталды. Логопед және дефектологтардың кабинетіне логопедиалық тренажер пен массаж зондтары алынды. Бұның барлығы ұсақ моториканы, есту және көру қабілетін, есте сақтау қабілеті мен сыни ойлауды және балалардың релаксациясын дамыту үшін жасалған.



«Жоба Қазақстандағы барлық 100 түзету мектебін қамтыды, бұл 15 мыңнан астам бала. Бұған 627 миллионнан астам қаражат жұмсалды. Алайда біздің күш-жігеріміз бен қаржы ресурстарымыз балалар мен мектептерге қажетті көмек көлемінің 15% -ын ғана жапты. Мұғалімдермен сұхбаттасу барысында жою керек болатын көптеген мәселелер анықталды. Бүгінгі күні осы жерге Білім министрлігінің және басқа да мамандандырылған ұйым өкілдерінің келуі осы мәселені бірлесіп шешудің жақсы бастамасы болып табылады», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Лима Диас.

Лима Диастың айтуынша, аталмыш жобаның басты нәтижесі - балалардың әлеуметтік қоғамға бейімделуі болмақ.

«Алдағы 5-10 жылдың ішінде қазір осы мектептерде білім алып жатқан 15 мың бүлдіршін болашақта 15 мың ересек адам және біз олардың қоғамның толыққанды мүшесі болатынына сенеміз. Бірақ бұған орта білім деңгейінде ғана назар аудару көздеген мақсатқа жетуге көмектеспейді. Мектеп бітіргеннен кейін балалардың орта-кәсіби білім және жоғары білім алғандары өте маңызды. Десе де, ерекше балаларды барлық колледждер мен университеттер қабылдауға дайын емес. Бұл жоба білім беру жүйесідегі ауқымды өзгерістерге  негіз болып табылады және біз білімімізді, тәжірибеміз бен күш-жігерімізді біріктіру арқылы балаларға жақсы өмір қамтамасыз ете аламыз деген үміттеміз»,- деді Лима Диас.



Бүгінгі таңда Қазақстанда 100 түзету мектебінен бөлек 39 арнайы мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 13 оңалту орталығы, 173 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және 68 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес бар.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының көрсеткен көмегі ұшан- теңіз. Бұл құралдар білім алушылардың оқу үрдісінде сөйлеу және қимыл-қозғалыс бұзылушылығын түзетіп, есте сақтау қабілетін, зейінін және сенсорлы моторикасын дамытуға көмектеседі. Бұған дейні «Samruk-Kazyna Trust» қоры мектепке дейінгі балаларға арналған тактильді оқулықтарды дайындау бойынша жобаны жүзеге асырды. Бұл оқулықтар 250 дана көлемінде барлық арнайы балабақшаларға жеткізілді», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Махсұтова.

Соңғы жаңалықтар