Қазақстанда туберкулезден науқастардың 87% сауығып кетті - дәрігерлер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда туберкулез ауруына шалдыққандардың 87 пайызы толығымен айығып кеткен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік  Әденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маманның айтуынша, елімізде өкпенің құрт ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

«Соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100 мың халыққа шаққанда 52,2 адамды құрады. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 126 болатын. Өлім-жітім жағдайы 100 мың халыққа шаққанда 6 есеге төмендеді», - деді Мәлік  Әденов.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда ауруды ауыздықтау бойынша мемлекеттік шаралар тиімділігін көрсетіп келеді.

«Скринингтік тексерулердің арқасында, туберкулезге шалдығу жағдайының 70%-дан астамы аурудың ерте кезеңінен анықталуда. Елімізде туберкулезді диагностикалау мен емдеудің барлық инновациялық әдістері енгізілген. Емдеу жоспары ДДҰ стандарттарына сай келеді. Бүгінде Қазақстанда туберкулезге шалдыққан науқастардың 87 пайызы айығып кеткен. Қазақстанда туберкулез бойынша интеграцияланған бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Яғни, туберкулез микобактерияларын шығармайтын және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды. 2017 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша амбулаториялық жағдайда ем қабылдауды бастаған науқастардың үлес салмағы 25,1%-ға өсіп, 40,3% болды», - деді М.Әденов.

Соңғы жаңалықтар