Қазақстанда тауар бағасын ұлттық валютада көрсетпегендер жауапкершілікке тартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасына сәйкес, 5 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Бүгінгі күні жарнама саласында шағын және орта бизнестің белсенді дамуына қарамастан, өкінішке орай, аталған салада бірқатар проблемалар бар. Атап айтқанда, нақты мемлекеттік реттеу жоқ, заңнама жетілдірілмегендіктен, жергілікті атқарушы органдардың құқық қолдану тәжірибесі әртүрлі, рұқсат беру мәселелері бір жүйеге келтірілмеген, жарнаманы тарату мен орналастыру үшін бюджетке төленетін төлемдерді әкімшілендіру бойынша мәселелер орын алып отыр»,-деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, жарнама саласында алғаш рет уәкілетті орган (ҰЭМ) мен реттеуші мемлекеттік органдар (АКМ, ИДМ, ІІМ, ДСМ) айқындалды. Реттелетін құқықтық қатынастардың жан-жақтылығын ескере отырып, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Өзін-өзі реттеу туралы» Заңдарға ұқсас жарнама саласында уәкілетті және реттеуші мемлекеттік органдарды айқындап алу ескерілді. Жарнама саласындағы уәкілетті орган жарнама мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады және сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырудың үлгі қағидаларын бекітеді. Жарнама саласындағы реттеуші органдар жарнама қызметі жүзеге асырылатын жекелеген салаларда (бұқаралық ақпарат құралдары, автомобиль жолдары, жол қозғалысының қауіпсіздігі, дәрілік заттар, биологиялық белсенді қоспалар және медициналық жабдықтар) басшылықты жүзеге асыратын болады. 

«Сыртқы (көрнекі) жарнама объектісі» деген түсінік енгізілді, біз мұнда жарнама нарығының серпінді дамуын ескере отырып, бүгінде жарнама орналастырылуы және таратылуы мүмкін барлық құрылыстар мен өзге де құралдарды қамтыдық. Заң жобасының шеңберінде Жұмыс топтарында талқылау нәтижелері бойынша сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін және жарнаманың өзін жеке реттеу ұсынылды»,-деді министр.

Жарнама саласында заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. «Жарнама туралы» Заңда жарнама саласында бірқатар шектеулер мен тыйымдар салынған. Атап айтқанда, он бес тыйым бар. Мысалы, электрондық казиноны және интернет-казиноны жарнамалауға, қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға, жөнсіз жарнамаға, ұлттық аза тұту күндерiнде теле-, радиоарналарда жарнамаға тыйым салынады.

«Бірақ аталған шектеулер әкімшілік жауапкершіліктің  болмауына не уәкілетті органдарда әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша практиканың жоқтығына байланысты іс жүзінде сақталмайды. Осыған байланысты, жарнама саласындағы әкімшілік жауапкершілік түрлерінің диспозицияларын нақтыладық. Сонымен қатар, бірқатар әкімшілік жауапкершіліктің түрлері алғаш рет енгізілді. Экономиканы долларсыздандыру бойынша жүргізіліп отырған саясатты ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында тауарды сатқан кезде оның бағасын ұлттық валютада көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Жосықсыз, жөнсіз,  әдепсіз, көрiнеу жалған жарнама үшін, сонымен қатар ұлттық аза тұту күндерiнде теле-, радиоарналарда жарнамаға әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Алкоголь және темекі өнімдерінің жасырын жарнамасын болдырмау үшін алкоголь өніміне, темекі және темекі бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әртүрлі іс-шаралар, оның ішінде ұтыстар, лотереялар ойнату нысанындағы жарнама үшін жауапкершілік енгізілді»,-деп нақтылады Ұлттық экономика министрі.

Мұнымен қоса Т. Сүлейменов әлеуметтік жарнаманы теле-, радиоарналарда тарату тетігі айқындалғанын, бүгінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы әлеуметтік жарнаманың рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Әлеуметтік жарнама нарығының дамуы жеткіліксіз. Әдеттегідей, әлеуметтік жарнаманың көбі теле-, радиоарналар арқылы таратылады. Сондықтан әлеуметтік жарнаманың күнделікті көлемін белгілеу ұсынылады.  Осылайша, әлеуметтік жарнама 15 міндетті теле-, радиоарналарда таратылады. Әлеуметтік жарнаманың күнделікті көлемі 6:00-ден бастап 24:00-ге дейінгі кезеңде эфирде кемінде 10 шығарылымды құрайды. Бұл ретте прайм-тайм уақытында міндетті түрде 2 рет шығарылады.   Әлеуметтік жарнама 15 міндетті теле-, радиоарналарда ақысыз орналастырылады»,-деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар